Жамбыл облысында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алғышарттары жойылды.
Байзақ ауданының прокуратурасы отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында құқық бұзушылық жасаған адамдардан атыс қаруын алып қою жөнінде уақтылы шаралар қабылдамау фактілерін анықтады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасау қаруды алып жүруге және оны қолдануға рұқсатты тоқтату үшін негіз болып табылады.
Мысалы, 14.08.2023 жылы Байзақ ауданы сотының қаулысымен азамат «М» жұбайына дене жарақатын салғаны үшін ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды, — делінген хабарламада.
Алайда, осыған қарамастан, уәкілетті орган қаруды алып қою және оны алып жүруге рұқсатты тоқтату жөнінде шаралар қабылдаған жоқ. Жалпы, облыс бойынша прокурорлық қадағалау шараларымен рұқсаттардың күшін жоя отырып, 32 бірлік қару тәркіленді. Осылайша, ауыр құқық бұзушылық тәуекелдері жойылды. Тиісті бақылаудың жоқтығы және уақтылы шаралар қабылдамағаны үшін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.