Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында Байзақ ауданында сонау 1966 жылы бой көтеріп, 260 оқушыға арналған Үлгілі ауылдық округіндегі білім беру мекемесінің жапсарлас құрылысы аяқталып, үлгілілік тұрғындарды қуанышқа бөледі.
Ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімінің орынбасары Қайрат аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев, ауылдық округ әкімі Омарғали Ибрагимов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері ортақтасты.
— Бүгінгі мектеп жанынан бой көтерген жанама құрылыстың аяқталып, ел игілігіне ұсынылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы білім саласын қолдау мақсатында, үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде ұстаздар қауымының жалақылары артып, мәртебесі айқындалды. Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – орын тапшылығы болатын. Осы олқылықты жою бағытында аудан көлемінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Өздеріңіз куә болып отырғандай бүгін міне Үлгілі орта мектебінде 100 орынға лайықталған жапсарлас ғимарат заманауи үлгіде асханасымен және оқу кабинеттерімен қамтылып отыр.
Сонымен қатар бұған дейін Ботамойнақ ауылдық округінде мектеп-лицей салынса, Ақшолақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы оқу жылында Бурыл ауылында 600 орындық мектеп ел игілігіне ұсынылса, жыл соңына дейін Жібек жолы ауылында 150 орындық мектеп өз есігін айқара ашатын болады, — дей келе, Қайрат Әбілханұлы «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында, Үлгілі ауылдық округінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
Үлгілі ауылдық округіндегі білім беру мекемесінің құрылысы облысқа танымал «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен жүргізілді. Бұл жоба келер жылға өтпелі болғанымен мердігер серіктестік басшысы Асылбек Жантаев өз қаражаты есебінен мерзімінен бұрын пайдалануға ұсынған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі