Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің азаматтық қоғамы мемлекеттің сенімді серіктесі болып, өзінің сара жолын өтті.
Бүгінде еліміздің үкіметтік емес ұйымдары халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысу және даму үшін жаңа серпін алды.
Тәуелсіздік жылдары елімізде үкіметтік емес ұйымдар желісі 100 ҮЕҰ-дан 22 мыңға дейін өсті, өңірде де ұйымдардың саны бірқатар артқан.
Азаматтық қоғамды қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі, оған бастама білдірген Елбасы және оны Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үнемі айтып жүреді.
Қазақстанда 2000 жылдары Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке ҮЕҰ дамуы үшін жағдай жасау туралы алғаш рет тапсырма берген кезінде «ҮЕҰ – Қазақстанда бүгінгі күннің өзінде құқық қорғау саласында да, халықтың ерекше топтарының өзіндік мүддесін іске асыруда үлкен рөл атқарады… Әрине оған, айтарлықтай мемлекеттің қолдауы қажет…» деген сөздерімен көрініс берген еді.
Міне, содан бері әртүрлі жылдары «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Кәсіптік одақтар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы, «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Волонтерлік қызмет туралы», «Бейбіт жиналыстар туралы» заңдары, Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы — мемлекеттік бағдарламалар мен құжаттар қабылданды.
Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың қызметін мемлекеттік қолдау мен ынталандырудың жаңа формалары да пайда болды. Бұл гранттар мен сыйлықақылар.
Гранттар ҮЕҰ ұзақ мерзімді негізде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік болды. Бұдан басқа, гранттың бір бөлігін өздерінің институционалдық дамуына пайдалануға рұқсат беріледі.
Облыста гранттарды «Жамбыл облысының жастар ұйымдарының Қауымдастығы», «Ақбұлақ», «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы», «Еркін пікір», «Гуонлен», «Ұлан Ғайыр Дала елі», «Ғасыр сапасы» және т.б. ұйымдар тиімді іске асырды.
Сыйлықақылар қоғамдық бағаға негізделген сәтті әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған үкіметтік емес ұйымдарға беріледі.
Биылғы жылы сыйлық түрінде ҮЕҰ мемлекеттік қолдауға жалпы сомасы 83 млн 340 мың теңгеге республикалық 38 ҮЕҰ ие болды.
Республикалық сыйлықақыға облыстан «Жамбыл облысының жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Мүгедектердің жастар қоғамы», «Ақбұлақ», «Тараз достары», «Асқақ рух еркін ел», «Меркі-Шапағат», «Гуонлен», «Тараз-АнтиВИЧ» қоғамдық бірлестіктер, «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы», заңды тұлғалар бірлестігі иеленді.
2016 жылдан бастап Елімізде қоғамдық кеңестер жаңа заңға сәйкес жұмыс жасай бастайды. Жамбыл облысында 12 қоғамдық кеңес құрылды. Қазіргі уақытта облыс бойынша 12 қоғамдық кеңес жұмыс атқарады, оның ішінде облыстық деңгейде – 1, қалалық деңгейде – 1, аудандық деңгейде — 10. Жалпы, қоғамдық кеңестердің құрамында – 197 адам, оның ішінде азаматтық қоғам өкілдерінің саны 144 (73,1%).
Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі болып — азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, ортақ және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету саналады.
Бұл деген демократиялық басқарудың негізгі принциптері, яғни азаматттардың билік органдарын құруға қатысуы, билік институттарын бақылауға алу, оны халық алдында есепті ету.
Азаматтық белсенділікті қолдау шеңберінде елімізде волонтерлікті дамыту жүйелі жалғасады. Пандемия кезеңінде «Біргеміз» республикалық фронт-офисі аясында 17 өңірлік фронт-офис құрылды, «жедел желілер» ашылды, Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы іске қосылды. Пандемия кезінде еріктілер өмірлік қиын жағдайға тап болған 1 миллионнан астам азаматқа көмек көрсетті.
Сондай-ақ, Мемлекет Басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ағымдағы жылы «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірледі.
Заң жобасы қоғамдық бақылауды, объектілері мен субъектілерін, қоғамдық бақылау нысандарын, қоғамдық бақылауды жүзеге асырудағы мүдделер қақтығысы ұғымдарын, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды, қоғамдық бақылау нысандарын белгілейді, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттарын және қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормаларын реттейді.
Қазіргі уақытта заң жобалары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Негізі ҮЕҰ әлеуетін азаматтық қоғам институттары бастамаларын қолдау, оларды дамыту және әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыста жұмыс тұрақты жүргізілуде.
Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражат көлемі, әлеуметтік жобалар саны мен қамтылған тұрғындар саны ұлғайып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың салалық принциптері кеңейтілуде.
Мәселен, 2011 жылы әлеуметтік жобаларға 222,8 млн теңге бөлінсе, 2021 жыл – 718,4 млн теңге игерілді.
Жоспарланған қаржы көлемінің 76,5%-ы немесе (36 жоба) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бөлінген (оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, инватакси, оқыту қызметі, ымдау тілі маманының қызметі және тағы да басқасы қарастырылған).
Қаржы көлемінің 9,1%-ы (69 жоба) ішкі саясат басқармасы мен бөлімдері тарапынан мемлекеттік бағдармаларды түсіндіру бойынша іс-шараларға қарастырылған. Қалған 14,4% — дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, білім, денсаулық сақтау және жастар тарапынан бөлінген.
Өткен жылы елімізде пандемия таралуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы мәдени-көпшілік іс-шаралар 20-25%-ға қысқартылып, қаржысы бюджетке қайтарылған болатын.
Жалпы, облыстағы ҮЕҰ 100-ге жуық мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық құжаттарды түсіндіру бойынша жұмыстарға пайдаланылуда және қоғамдық-саяси іс-шараларға белсенді қатысуда, олар Ардагерлер ұйымы (Еркінбек Солтыбаев), Іскер әйелдері қауымдастығы (Меруерт Лештаева), Азаматтық альянс қауымдастығы (марқұм Зайтжан Юлдашев), «Амазонка» (Анжелика Сарьян), «Ақбұлақ» (Нильзия Рақышева), «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ облыстық филиалы (Қасымхан Төлендиев), «Елім-ай Достық» (Полина Ким), «Поколение» (Зубира Беляева), «Жамбыл облысының КЕҰ қауымдастығы» (Айнұр Заурбекова), Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы (Исламбек Дастан), «Авиациялық жастар клубы» (Анатолий Кисиль), «АРСМИ» (Жанна Мамашева), «Айналайын» (Айгүл Разақова), «АСАР» (Руслан Төлегенов), «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» Республикалық қоғамдық қозғалысының облыстық филиалы (Раиса Рысқұлбекова), «Асыл-Арман» (Марал Хантөреқызы), «Жаңа-ру» (Диана Әбдіғаппар), «Оңтүстік-Арылу» қоғамдық қоры (Дәурен Бағжанов), «Нұр-бала» қоғамдық бірлестігі (Әйгерім Дәулетбаева), «Мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктері» (Әлия Садықова), «Тараз қаласының Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» (Дүкенбай Ермеков), Әдемі Ильясова («Отандастар» ҚБ), «Жер ана» (Мария Ибраимова) және т.б..
Аталған ұйымдар әрдайым қоғамдық бастамаларды іске асырып, көптеген күрделі мәселелерге белсене араласып, түрлі салада қызмет атқарып келеді.
Өкінішке орай, белсенді ҮЕҰ қатары сиреп келе жатыр.
Бүгінде арамызда жоқ бірқатар қоғам көшбасшылары біздің мәңгі есімізде. Олар Дәметкен Ахметова («Жан-дауа» ҚБ), Сергей Чуйков (МОДИ), Эдуард Пак («FORPOST» ҚҚ), Рашид Бакиров («Гуонлен» ҚБ)…
Ал былтыр әлемді жаулаған пандемия қоғам белсенділерін де аямады.
Індет арамыздан аталған дертпен күресте ерекше белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтарымызды алып кетті. Зайтжан Юлдашев (Азаматтық альянс қауымдастығы), Ғалия Қалиева («Болашақ» қоғамдық бірлестігі), Ақпаев Нұрлан («Нұр-Перизат»), Әсия Мамраимова, Ерлан Сейдазімов («Қамқор Ана»), Альбина Веймер («Золотой караван» ҚҚ) секілді пандемия салдарынан өмірден қайтқан азаматтардың есімін бүгінде құрметпен еске аламыз.
Іс жүзінде азаматтық қоғам институттары жыл сайын мемлекет пен қоғам өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларында өз қолданысын табуда.
Алдағы уақытта да азаматтық қоғам институттарымен ортақ пікірге келе отыра, көптеген салаларда бірлескен шаралар жүргізетінімзге сенімдімін.