Қаралы хабарды әлеуметтік желіде оның әріптесі Қасымхан Бегманов жеткізді.
«Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген, ұлттың асқақ рухты ұлы ақыны Темірхан Медетбек дүниеден өтті. Қаршадайымнан өлеңдерін оқып, қасына ерген асыл ағам, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің дүниеден озғанын қазір ғана Шолпан жеңгем маған ең бірінші хабарлады. Соңғы аптада Темірхан ағамыздың ауыр хәлде ауруханаға түсуіне байланысты отбасымен, дәрігерлермен Жазушылар одағының басшылары үнемі хабарласып тұрды. …Аламанда алдына жан салмай шапқан дауылпаз ақынның дүниеден өтуіне орай бүкіл қазақ халқына, оның оқырмандарына қатты қайғырып, көңіл айтамын», — деп жазды ол.
Темірхан Медетбек — ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері. Алғашқы жыр жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Оннан аса өлең жинағы жарияланып, оқырман мен сыншылардың жоғары бағасын алды.
«Абай әлемі» (1995) және «Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар» (2001) атты әдеби-сын еңбектері бар. «Көк түріктер сарыны» атты жинағы (2002), «Махамбет рухының монологы», «Күлтегін», «Тоныкөк» дастандары да бар. Ол украин, өзбек тілдерінен В.Гужва, Е.Вахидов өлеңдерін тәржімалады.