Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков 73 жасында дүниеден өтті. Тарихшының қайтыс болғанын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым хабарлады.
– Алматыдан суыт хабар келіп жатыр… Қазақтың аса көрнекті тарихшысы, қоғам қайраткері, ұстазымыз Талас Омарбеков ағамыз дүниеден озыпты. Төбемізден жай түскендей болдық… Қош болыңыз, аға! – деп жазды Айдос Сарым Facebook парақшасында.
Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1971 жылы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1980-2001 жылдары университеттер мен тарихи институттарда ғылыми-педагогикалық және шығармашылық қызметпен айналысты.
2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы кафедрасын басқарды. Талас Омарбеков – Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған жеті монография мен 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің екі рет «Құрмет грамотасымен» марапатталған.