Ведомство мәліметінше, шектеулер мына елдерде қолданылады:
- Израиль әуе кеңістігі толық жабық;
- Иран әуе кеңістігі толық жабық (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);
- Ирак, Иордания, Ливан зымыран мен дрон шабуылы қаупіне байланысты уақытша шектеу енгізді;
- Кувейт, Бахрейн, БАӘ рейстерді шектеп және тоқтатып, қақтығыс аймағына жақын маршруттарды жапты.
Ірі халықаралық әуе компаниялар да рейстерді уақытша тоқтатқаны айтылды.
«Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada Дубай, Доха және Эр-Риядқа ұшуын тоқтатты. Qatar Airways ұшу кестесін реттейді. Etihad ресми ескерту жасады. Emirates қақтығыс аймағын айналып өтіп, ұшуын жалғастырып жатыр», — деп жазылған хабарламада.
Қазақстандық әуекомпаниялар да қауіпсіздік мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты.
Елімізден шетелге шыққысы келген адам саны — 683, шетелден елге оралатын адам саны — 1051. Бұл жағдай 1 734 жолаушыға әсер еткен.
«Қазақстандық әуекомпаниялардың Парсы шығанағы елдеріне рейстерді тоқтата тұруы — аймақтағы әскери-саяси жағдай күрт шиеленісуіне байланысты мәжбүрлі шара. Әуекомпаниялар халықаралық тәжірибеге сәйкес шешім қабылдады. Басты мақсат — жолаушылар мен экипаж мүшелерірінің қауіпсіздігі», — деп жазылған хабарламада.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар ыстық тамақ, қонақүй және трансфермен қамтамасыз етілген.
«Тоқтатылған немесе кейінге шегерілген рейстер бойынша жолаушылар тегін қайта бронь қоя алады немесе әуе билеттерінің құнын толық қайтарып ала алады», — деп жазылған хабарламада.