Мәліметті Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті ұсынды.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сербияның Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрі Александра Софрониеичтің кездесуі барысында Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ Сербияның Туризм және жастар істері жөніндегі вице-министрі Ракичпен де кездесу өтті.
Қазақстан тарапынан келіссөздерге SCAT әуекомпаниясы мен туристік компаниялардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында 2025 жылдың соңына дейін тікелей рейстерді іске қосу мүмкіндігі сөз болды.
Осылайша, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстері ашылады деп жоспарлануда. Рейстерді Қазақстанның SCAT әуекомпаниясы орындайды деген болжам бар. Бұл жөнінде тасымалдаушының баспасөз қызметінен нақты ақпарат сұралды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Иордания арасында да тікелей рейстер ашылатыны хабарланған болатын. Жоспар бойынша, 2026 жылдың маусым айынан бастап Royal Jordanian әуекомпаниясы аптасына екі рет ұшатын болады.