Қазақстанда алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында
Қытай еліне баруға мүмкіндік беретін пинг-понгтан
аймақтық турнир басталды
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы, «Бауыржан» қайырымдылық қоры, облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында үстел теннисінен «Пинг-понг ханшайымы» атты аймақтық турнир Тараз қаласындағы «Мейірім» мектеп-интернатының спорт кешенінде өтті.
Турнирдың басты мақсаты – жетім балалар арасындағы үстел теннисі дарындарын тауып, қазақстандық теннис деңгейінің артуына біршама үлес қосу.
«Пинг-понг ханшайымы» турнирінің аймақтық іріктеу ойындарына Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары балалар үйлерінің әр категорияға сәйкес алты тәрбиеленушісі қатысты.
Шараны партия облыстық филиалы төрғасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев ашты. Өз сөзінде:
— «Нұр Отан» партиясы барлық игі бастамаларды қолдауға тырысады. Соның бірі, «Пинг-понг ханшайымы» турнирінің қадам басуы баршамызға көптен күткен бастама болды. Әсіресе, спортқа оның ішінде үстел теннисінен балалар үйлерінің жас қыздары үшін арман ғана емес, өз бақтарын сынауға мүмкіндік берер үлкен жоба. Жеңімпаздарды Қытай еліне жіберудің де бірден бір мақсаты – оларды спорт көкжиегіне жетелеп ынталандыру болып табылады. Бүгінгі шара «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы-бақытты балалық шақ» жобасы аясында жүзеге асырылуда».
Шараны ұйымдастыруда негізігі демеуші болған «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі, «Халықаралық «DIAMOND» әмбебап тауар биржасы» АҚ Президенті Нариман Мәуленов құттықтау сөзінде балалардың ойынына сәттілік тілеп, турнирдің әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететіндігін және балалардың жеңіске деген зор талпынысы, сенімі бар екендігін айтып өтті.
Сонымен қатар, шара барысында облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Керімбеков сөз алып, балалар үйінің тәрбиеленушілері мемлекеттің қамқорында екендігін атап өтіп, балалардың ойынына сәттілік тіледі.
Турнир қыздар арасында 2-жас ерекшеліктері бойынша өтті: 7-10 жас пен 11-15 жас аралығы. Жарыс 11 ұпайға дейін саналатын 3- партиядан ұйымдастырылды. Жарысқа әр облыстан екі қатысушыдан қатысып, турнирдің қорытындысы бойынша 7-10 жас аралығында Тараз қаласындағы К.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Мария Домажирова жеңіске жетсе, 11-15 жас аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы №8 Төле би атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Валентина Прокушева үздік ойын көрсетіп Алматы қаласына жолдама алды.
Шара соңында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев барлық қатысушы қыздарды құттықтап, диплом, медаль, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Жеңімпаздар мен қатысушыларға «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі, кәсіпкер Нариман Мәуленов ұялы телефон мен қаржылай 10 теңгеден сыйға тартты.
Ал, финал ойындары тамыз айының 22-24 аралығы Алматы қаласында өтеді. Республиалық турнирде екі жас ерекшеліктері бойынша жеңімпаз атанған қатысушылар өз облыстарының намысын қорғайтын болады. Пинг-понг ханшайымдарына Қытай еліне барып танымал спорт саңлақтарынан шеберлік сыныбынан өту мүмкіндігі беріледі. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар Пекин қаласындағы спорт академиясының жаттықтырушыларынан үстел теннисінен арнайы шеберлік сыныбынан өтуге мүмкіндікке ие болады.
Сондай-ақ, маусым айында «Бауыржан» қайырымдылық қоры бұл жобаны қазақстандық жастардың арасында спортқа деген қызығушылықтарын ояту мақсатында облысымыздағы К.Сарымолдаев атындағы балалар үйі, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернаты, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 3 теннис ойнайтын үстел мен жабдықтарымен қамтамасыз етті. Балалар үйінің тәрбиеленішілері олимпиадалық спорт түріне енетін үстел теннисін ойнап жаттығуға зор мүмкіндікке ие болды.