Бүгін Бішкекте Венециялық комиссияның қолдауымен «Конституциялық реформалар тұрғысындағы сот билігінің тәуелсіздігі» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға Орталық Азия жоғарғы соттарының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен заңгерлер қатысты.
Қырғызстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Замирбек Базарбековтың шақыруымен конференция жұмысына Төраға Жақып Асанов бастаған Қазақстан Жоғарғы Сотының делегациясы қатысты.
Ж.Асанов өз баяндамасында қолданысқа енгізілген судьяларды іріктеудің заманауи HR-тәсілдері, азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық, судьялардың өз шешімдерін түсіндіруі жөніндегі қағидалар, тергеу және әкімшілік соттарының жұмысы туралы хабардар етті.
Қазақстан Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров сот ісін жүргізудің жаңа IT-сервистерін таныстырды. Жаңашыл шешімдердің қатарында роботтандыру, жасанды интеллект элементтері, сот практикасының цифрлық талдамасы аталып өтілді.
Іс-шараның қорытындысы бойынша судьялардың тәуелсіздігін күшейту және соттарға сенімді арттыру бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді.
Қайнар: ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі