Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы – бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі
Елбасының айрықша бақылауында болып отырған рухани бағдарламасындағы маңызды міндеттердің бірі – қазақ жазуын латын қарпіне көшірудегі жаңа әліпби нұсқасын қабылдау мәселесі қоғамда қызу талқылануда. «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады», – деген Призидентіміз Н.Назарбаевтың сөзі қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылым мен білім орталары мен жұртшылықтың белсенді түрде ат салысқанын көрсетеді. Кешегі ұсынылған қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасын алғашқы жобамен салыстырғанда көптеген өзгерістер енгізілгенін байқаймыз. «Бір әріп – бір дыбыс» қағидасын ескердік, енді «Бір әліпби – бір ел» болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар дауыссыз дыбыстардың айтылуын дұрыс көрсеткеніміз жөн. Мәселен, «В» — б емес бы; «Q» — қ емес қы т.б.
Әліпбиді таңдау – ұлт болашағын таңдау екенін түсінген Елбасы нағыз демократиялы саясат ұстанып, қарапайым халықпен де санасып, түрлі ғалымдардың пікірін ескеріп, жаңа әліпбидің жобасын ұсынды. Мемлекеттік тілді реформалау — рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі және тарихи мәні бар оқиға болғандықтан, бұл мәселеден ешкім назардан тыс қалмауы жақсы ескерілген. Латын қарпіне көшу күрделі үдеріс, сондай-ақ оның мақсаты — тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару. Ол үшін әлі де жаңа әліпбиді насихаттау жұмыстарын жалғастырып, бұдан бөлек, мемлекет басшысы айтып өткендей жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігіне кірісу керек.
Мырзабаева Балмира Жүнісбекқызы,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы