ҚазҰУ-да Абай әндерін 1000 адам хормен орындады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай 1000 адам «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін хормен орындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Абай мұрасын зерттеу және насихаттау баршаға ортақ міндет екенін жеткізді. Сондай-ақ өз сөзінде ректор қазіргі таңда жастардың Абайға, оның бай мұрасы мен даналығына деген қызығушылығының жылдан-жылға артып келе жатқанына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек», – деп тапсырма берген болатын. Биыл жалғыз қазақ елі ғана емес, барша әлем жұртшылығы қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын мемлекеттік және халықаралық деңгейде атап өтеді. Осы ретте ҚазҰУ базасында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі конференциялар, симпозиумдар мен келелі кездесулер ұйымдастырылады. Университетте Абай ғылыми-зерттеу институты 2009 жылдан бастап табысты жұмыс істейді. Институт ғалымдары «Абайтану антологиясы» 10 томдығын жарыққа шығарды. Білім ордасында ұлы ақынның мұрасын насихаттау жұмыстары белсенді жүргізіледі», – деді ректор.