Мәселен, екі жыл бұрын жүгенсіз жүк көліктерінің салдарынан облыстық маңызы «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент», «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел», «Саудакент-Тоғызкент» және «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Сонда бір-екі жыл сайын жалпақ жұртқа бірдей талапқа бағынғысы келмейтін ауыр салмақты жүк көліктері зақымдаған күре жолдарды қайта қалпына келтіру мақсатында қыруар қаржы жұмсалмақ па?
Жасыратыны жоқ, өңірімізде облыстық маңызға ие жолдардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында пайдалануға берілген. Алайда, бұл жолдарды баптап-ұстау үшін қомақты қаржы қарастырылып, тиісті көңіл бөлінуде. Бір сөзбен айтқанда, дер кезінде көңіл бөлінуде. Ал, енді жолдарда 8 тоннаға дейін ғана осьтік жүктемеге рұқсат етілген бұл жолдарда жүк көтергіштері 25 тоннаны құрайтын «Нowo», «Shacman» және «Man» маркалы қытайлық көліктер күн сайын қатынап жүр.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының инженері Ахметжан Бименовтің салмағы 15 тоннаға жуық аталған көліктердегі жүк көлемі шынмәнінде 40 тоннадан асып түседі. Жол саласының маманы биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау мақсатында салмағы 15 тоннадан артық емес жүк көліктерінің жүруін талап етіліп жатқанын жеткізді.
— Қазіргі таңда өңір аумағындағы жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда 4 мыңға жуық самосвал көліктер пайдаланылуда. Бір ғана кіші Қамқалыдан тұз тиеген 60-100 тонналы ауыр жүк көліктері Жаңатас қаласы арқылы Түркістан облысына, Ақкөл ауылы арқылы Тараз және Шу қалаларына одан әрі қарай Қырғыз еліне дейін қатынауда. Бұл өз кезегінде автожолдардағы ақаулардың орын алуына және тас жолдың тез тозуына «ықпал» етуде, — дейді А.Бименов.