Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық транзиттік автодәлізін сонау Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы деген жөн шығар. Құлан ауылының ту сыр¬тында орналасқан маңызға ие осы үлкен жолдағы аспалы көпірдің арғы жағына өтсеңіз әсем табиғаты, таза ауасы, күнделікті күйбең тіршілігімен қарсы алатын – Луговой ауылына тап боласыз.
Көне көз қариялардың айтуы бойынша ертеде «Тарты» деп аталған жазық даланың бүгінгі тыныс-тіршілігі бір сәтке болса да тоқтаған емес. Луговой ауылы Құлан ауылынан кейінгі халық саны көп шоғырланған ауылдың бірі. Онда қазір 10 300-ден астам адам тұрады. Ауыл темір жол саласымен тығыз байланысты болғандықтан, тұрғындардың көбісі осы салада қызмет атқарады.
Луговой ауылдық дәрігерлік емханасында қазіргі кезде 5 дәрігер, 29 орта буынды мейірбике жұмыс істейді. Емхана қажетті кабинеттер мен құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Серік Бақбергенұлы басқаратын бұл ұжым тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ана мен бала өмірін қорғап, ерекше санатқа жататын аурулардың алдын алуға арналған іс шараларды арнайы жоспарға сәйкес жүргізіп келеді.
Ауыл тұрғындарының білімге деген құштарлығы да орасан зор. Т.Рысқұлов, М.Горький, Т.Әубәкіров атындағы мектептерде білім алатын 2000-нан асатын оқушылар республикалық, халықаралық жарыстарда алақандай ауылдың намысын қорғап жүр. Солардың қатарына жаста болса дәсүрлі әндерді дәріптеп жүрген Жансая Сәрсенбаева мен республикалық шах мат ойындарының жүлдегері атанып, Шри-Ланкада өтетін әлем біріншілігіне жолдама алған Шапағат Қонысбайды ерекше атап өтпесек болмас.
Аудан және облыс көлемінде мәдени іс-шараларға, спорттық жарыстарға ауыл жастары қатысып, көптеген жетістіктерге жетуде. Ауыл ішінде мекемелер арасында футбол, баскетбол, волейболдан спартакиада өткізіліп тұрады. Жуырда ғана «Жаңа есім-2018» телевизиялық жобасының финалына жолдама алған Шарапат Әсеннің көрсеткіші ауылдағы жастар ісінің дұрыс жолға қойылғандығын аңғартады.
Жалпы алғанда, Луговой ауылында барлық жағдай жасалған. Сайланғанына аз ғана уақыт өтсе де, ауыл әкімі Мұратбек Свановтың атқарған жұмысы көп. Мұратбек Айтымбетұлының айтуы бойынша, қазіргі таңда ауылдың инфрақұрылымын дамыту басты назарға қойылған екен. Соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін С.Есімов көшесі мен әскери қалашықтың айналма жолы толық күрделі жөндеуден өтіпті. Одан бөлек Т.Рысқұлов орта мектебіне апарар жолда қайта жөндеуден өткен. Қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамаларға тиесілі алаңдарға да асфальт төселген. Биылғы жылдың еншісіндегі атқарылып жатқан жұмыс «Ақбұлақ» ауыз-су бағдарламасы. Жаңа су жүйесін жүргізу 2017 жылы басталған болатын. 1млд 199 млн тенге қаржы бөлінген жоба 2018 жылы өз мәресіне жетеді деп жоспарланып отыр.
Халқының саны жөнінен аудандағы екінші ауыл болып есептелетін Луговой ауылының сәулетін арттыру, көгеріштендіру, санитарлық – тазалық деңгейін көтеру ауыл әкімдік жұмысының ең басты бағыттарының бірі. М.Горький мектебінің алдындағы аллея алаңын көгалдандыру жұмыстары толығымен шешіліп, 51 қайың мен 165 қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды.