Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен несиелендіруге өтінім қабылдау 5 тамызда басталады

297
ҚАРАЛЫМ

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын іске асыру кезінде дүрбелеңге жол беруге болмайды. ҚР Ауыл шаруашылығы  министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек осылай деп мәлімдеді. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте жеңілдікті лизинг аясында ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу мәселелері талқыланды. Жиынға ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы м.а. Олжас Сапарбеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС Бас директоры Олег Балыбин, «Агромаш Холдинг» ЖШС Бас директоры Динара Шүкижанова, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен машина жасау кәсіпорындарының басшылары қатысты.

«14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ӨКМ Операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен несиелендіру тетігін енгізу жөнінде тапсырма берді. Ол үшін шамамен 40 млрд теңге бөлінеді. Бір лизинг алу үшін қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден артық емес және үш бірлік ауыл шаруашылығы техникасынан артық берілмейді. Осылайша, шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдары жеңілдетілген бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Қаржыландыруды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдары жүзеге асырады», — деді вице-министр кеңесте.

Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 5 тамызда басталып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның барлық филиалдарында қабылданады. Бұдан бөлек, өтінімдерді компанияның ресми сайты арқылы беру мүмкіндігін енгізу жоспарланып отыр.

«Бұл бағдарламаның негізгі артықшылығы аванстық төлемнің болмауы және негізгі қарызды өтеу бойынша 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру болып отыр. Сыйақының жылдық мөлшерлемесі 6%», — деді «ҚазАгроҚаржы АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев.

Техниканы өндіруші зауыттардың өкілдері жеткізу кезінде дүрбелең  болмайтынына сенімді. Өйткені барлық ауыл шаруашылығы техникасының жеткілікті көлемі бар.

«Егер бұл бағдарлама аясында зауытымыздың іске асыруға дайын техникасының нақты саны туралы айтатын болсақ, онда біз 200-ге жуық ESSIL комбайнын, 567 LOVOL тракторын, сондай-ақ 40 Turan тракторын жеткізуге әзірміз. Техниканың барлық өндірілетін желісі қолда бар. Біз фермерлерді егін жинау науқанына техникамен қамтамасыз етеміз деп айта аламыз», — деді «АгромашХолдинг» ЖШС бас директоры Динара Шүкижанова.

Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг бағдарламасы шеңберінде қаржыландыру револьверлік сипатқа ие болады, яғни қолданыстағы лизингті өтеуден түсетін төлемдер жаңа шарттар жасасу үшін қайтадан жіберіледі. Айта кетейік, бағдарлама 20 жылға есептелген.

  • Маңызды
  • Пікірлер
  • Соңғы