Республика бойынша бір ай ішінде 70 қалада тиісті жұмыстар жүргізілді. Осы уақыт ішінде Ұлттық статистика бюросының интервьюерлері 300 мыңнан астам үйді аралап, шаруашылықпен айналысатындардың мекенжайын нақтылады. Листинг кезеңінің соңғы жұмыстарының барысымен Сарыағаш қаласына барған Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев танысып қайтты. Сапар аясында ол интервьюерлермен бірге үй-үйді аралауға қатысты.
«Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саладағы биылғы жылдың негізгі оқиғасының бірі. Көптеген тұрғынның алдағы шара туралы хабардар екеніне көз жеткіздім. Естімегендеріне санақтың сала болашағы үшін маңыздылығын айтып түсіндірдім. Баршаңызды алдағы шарада белсенділік танытуға шақырамын» – деп атап өтті ол.
Листинг барысында жұмыс тобының мүшелері барлық облысқа барып, жергілікті жерлерде далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, техникалық құралдардың дайындығын, сондай-ақ интервьюерлердің дайындық деңгейін тексерді. Естеріңізге сала кетейік, ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді және екі кезеңнен тұрады. 1-31 тамыз аралығында онлайн-кезең өтеді, оған егін және мал шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, фермерлер және үй шаруашылықтары қатысуы тиіс. Офлайн кезеңде интервьюерлер онлайн сұраудан өтпеген, бау-бақша өсіретін немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды. Бұл жұмыс 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросы