Осы бағытта жұмыс істейтін белсенді ұйымдардың қатарында «Жер-Ана» ауыл фермерлер корпоративтік қоры бар. Қордың басшысы – Роза Махажановна Мусабаева.
Ұйымның негізгі мақсаты – ауылдық жерде тұратын фермерлердің, әсіресе әйелдер мен әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың кәсіби, экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету. Бұл мақсат ауыл шаруашылығындағы инновациялық жобаларды қолдау, фермерлердің құқықтарын қорғау, тұрақты табыс көздерін қалыптастыру арқылы жүзеге асуда.
Қор ауыл тұрғындарының нақты сұраныстары мен қажеттіліктеріне баса назар аударады. Атап айтқанда, ауылдық фермерлерден келіп түскен өтініштер мен шағымдар бойынша құқықтық көмек көрсетіліп, жерге қатысты мәселелер, мемлекеттік субсидиялар, өнім өткізу жолдары және инфрақұрылымға қол жеткізу сынды өзекті тақырыптарда консультациялар ұйымдастырылды. Осы мәселелер бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен тиімді әріптестік орнатылып, нақты шешімдер қабылдануына жәрдем берілді.
2024 жылы қордың бастамасымен Байзақ ауданында ауылдық әйелдерге арналған пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба аясында жібек құртын өсіру бойынша тәжірибелік шаруашылық құрылып, 20-дан астам әйел тұрақты жұмыспен қамтылды. Қатысушылар биологиялық цикл, күтім әдістері және өнімді нарыққа шығару жолдары бойынша арнайы оқыту семинарларынан өтті. Жібек шаруашылығы – табысы мол, бірақ ауылдық жерде сирек кездесетін кәсіп түрі. Осы арқылы қор тек жаңа табыс көзі ұсынып қана қоймай, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділіктің артуына да түрткі болды.
«Жер-Ана» қоры – ауыл тұрғындары үшін нақты әрі тиімді қолдау үлгісі. Оның бастамалары ауыл өмірін жандандырып, халықтың өз күшіне сенімін арттыруға, кәсіп бастауға және әлеуметтік теңдікке жол ашуға ықпал етіп отыр. Мұндай жобалар арқылы ауыл шаруашылығының жаңа тынысы ашылып, ауыл әйелдері өз әлеуетін толық жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуда.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.