Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалу барысы және мамыр айындағы мерекелерге дайындық мәселелері пысықталды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тірек ауылдарды айқындау, әрбір елді мекен бойынша жол картасын әзірлеу, жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, қазіргі таңда облыста 1,1 миллион адам тұрады десек, соңғы 10 жылда өңір халқы 84,8 мың тұрғынға өскен.
Жалпы, жамбылдықтардың 60 пайыздан астамы, яғни 685,6 мың тұрғын 367 ауылдық елді мекенде күн кешуде. Төрт негізге сәйкес (демография, инфрақұрылым, экономика және геологиялық орта) даму әлеуеті жоғары 238 ауылдық елді мекен анықталса, 129 ауылдық елді мекеннің әлеуеті орташа немесе төмен деп белгіленген.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда жеті аудандағы 29 АЕМ-де 200-ден астам жоба іске асырылып, екі мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Ағымдағы жылы ҚР Ұлттық қорынан 18 жобаны іске асыруға 2,4 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, облыстың республикалық бюджеті нақтыланғаннан кейін 6,5 миллиард теңге мөлшерінде лимит қарастырылды. Бұл қаражатқа 63 елді мекенде 107 жобаны іске асыру бойынша тиісті министрлікке ұсыныстар жолданды.
Барлық жобаларды іске асыру нәтижесінде 133 тұрақты және 1519 уақытша жұмыс орындары құрылмақ. Гүлдана Жауынбекова әр ауданда алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы баяндап, Жамбыл ауданындағы жемісті жұмыстар жөнінде фильмді қатысушылардың назарына ұсынды.
— Бұл мемлекеттік бағдарлама – ауылдық аймақтарды дамытудың бірден-бір негізі болып табылады. Ең бастысы –мүмкіндігінше тұрақты жұмыс орындарын құру. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және құрылыс басқармалары жұмыстардың сапасына, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне және құрылыс мерзімдерінің сақталуына қатаң бақылау орнату қажет, — деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Мамыр мерекелерін – Қазақстан халқының бірлігі күнін, Отан қорғашулар күні және Ұлы Жеңістің 76 жылдығын атап өту шараларының жоспары туралы ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов баяндады. Олардың барлығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына бағытталады. Карантиндік шектеулерге байланысты іс-шаралардың онлайн-форматына баса назар аударылуда. Әлеуметтік желілерде тақырыптық бағыттағы түрлі акциялар, челлендждер мен байқаулар ұйымдастырылады. Адамдардың жаппай жиналуын болдырмау үшін мерекелік шаралар саябақтарда, алаңдарда және басқа да қоғамдық орындарда арнайы бөлініспен ұйымдастырылады. Сонымен қатар аумақтарды тазарту және абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Әдеттігідей Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге этномәдени бірлестіктер белсенді түрде атсалысады. Бұл орайда атап өтер болсақ, Достық үйінің алдында «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз Қазақстан» іс-шарасы ұйымдастырылып, «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафоны аясында акциялар басталады.
Отан қорғаушылар күні «Жігіт сұлтаны», әскери әндер байқауларын, спорттық шаралар, «Отанды қорғау – әркімнің қасиетті парызы» жастар акциясын өткізу жоспарлануда.
Ұлы Жеңіс күнгі шаралар ата-бабаларымыздың ерлігі мен өрлігіне негізделеді. Олардың қатарында адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың қатысушыларының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі, еске алу сабақтары, шығармалар конкурсы, әскери оркестрдің майдан әндерін орындауы және басқа да дүниелер бар.
— Мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде облыс орталығының шеткі аумақтары да назардан тыс қалмауы тиіс. Мұның бәрі бұқаралық ақпарат құралдарында барынша көрініс табуы керек.
Ағымдағы мәселелерге келетін болсақ, көктемгі дала жұмыстарын жеделдету қажет. Бұл әсіресе Сарысу, Талас және Байзақ аудандарына қатысты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын төмендетуге баса назар аудару маңызды. Дәрі-дәрмектердің бағасын бақылау бойынша мониторингтік топтар құру керек, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі