Газетіміздің әр санында округтердің тыныс-тіршілігі жайлы жазылған ауыл әкімдерінің мақаласын қарап, кезегін тағатсыздана күтіп жүрген Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров дүйсенбі күні бізбен бірге жүріп, округіндегі атқарылып жатқан ілкімді істерді тілге тиек еткен еді. Алдағы жоспарымен бөлісіп, халықтың қажетін өтеу, ықыласына бөлену үшін маңдай терін төске тамызатынын да жасырмады. Ауылға деген сүйіспеншілігіне риза болған біз ауыл әкімінің сөзіне құлақ түргенбіз.
Ауылдың суын да, құмын да, тасын да қимай жүрміз-ау расында. Топырағынан нәр алып, өсіп-өндім, енді ел еңсесін тіктеу міндетім екенін жиі есіме алып отырамын.
Әңгімемізді округтің атауынан бастағанымыз жөн болар. Кезінде бұлақтар мен шағын көлшіктер көп болғандықтан, халық егінсудан тапшылық көрмей, шөбін орып, өнімін ойдағыдай жинап, қыстан малы қоңды шыққан. Сондықтан да жер асты суына бай өлкені Көлқайнар деп атап кеткен. Дегенмен, уақыт өте келе өзектер жабылып, судың тапшылығы байқалғаны рас. Осы орайда Нуритдин Бегманов басшылық ететін «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативімен бірлесіп, «Қайрақбай» су қоймасын қалпына келтіру жұмыстарына білек сыбана кірістік. Содан 140 текше метр су жиналатын қойманы қалпына келтірдік. Алдағы уақытта 400 гектар алқапты суаруға қауқарлы қойманың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Тап басып айтар болсақ, алдағы уақытта егінсу мәселесі толықтай шешімін табатын болады.
Округіміз Байзақ пен Жуалы ауданының құрамында да болған. Тек 1974 жылы Жамбыл ауданының ажырамас бөлігіне айналды.
Аты дардай тұлғалар да осы өңірде. Елімізге әйгілі мүсінші-дизайнер, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, белгілі жазушы Әкім Тарази мен халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та осы округте туып-өсіп, қанат қаққанын бірі білсе, бірі білмес.
Округке қарасты Тастөбе, Қостөбе, Жамбыл, Еңбек және Көлқайнар елді мекендерінде 523 аула, 3118 тұрғын бар. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі егін және мал шаруашылығына басымдық берген. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 14531 гектар. Оның 5215,53 гектары округтің еншісінде болса, 8128,59 гектары шаруа қожалықтарына тиесілі. Сондай-ақ, 2137 гектар жайылым, 474,2 гектар шабындық, 4862 гектар егістік жер бар. Суармалы жер 3562 гектарды құраса, тәлімдік жер – 1300 гектар.
Қазіргі таңда егін шаруашылығымен айналысатын азаматтар мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, тамшылатып суару технологиясын жетік меңгерген. Көлқайнар ауылына бағыт алар болсаңыз, жеміс ағаштары осы технологияның шарапатын көруде екенін байқайсыз.
Оқушылар Ә.Тарази атындағы тірек, Еңбек орта мектебі мен Қостөбе, Жамбыл бастауыш білім ордаларында тәрбиеленуде.
Биыл күздік бидай мен жаздық арпаның көлемі және центнерге шаққандағы түсімі біз ойлағаннан артық орындалды. Сондай-ақ, жүгері, пісте, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдырының көлемі де жылдағыға қарағанда артқан. Қант қызылшасы 85 гектарға орналастырылды. Салаға қажетті техникалар жыл өткен сайын жаңарып келеді. Қалайша жаңармасын, «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативі табыстың тайқазанын тасытып, аудан экономикасының өркендеуіне сүбелі үлесін қосып отыр.
Бүгінде өрісі төрт түлікке толы ауыл тұрғындарының мал шаруашылығына деген оң көзқарасы қуантады. Қазіргі таңда ауылдық округте – 4295 бас мүйізді ірі қара, 11600 бас қой, 520 бас ешкі, 1583 бас жылқы, 325150 үй құсы бар. Мал шаруашылығын дамытуға түрлі бағдарламалар әсер етуде. «Сыбаға», «Ырыс», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша тұрғындар несие алып, тірлігін тиянақтады. Ауыл азаматтары шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қаржылық несиелердің де жақсылығын көруде. Бүгінде 5 азамат 1-4 млн теңге көлемінде, 22 азамат қайтарымсыз 555 мың теңгеге ие болды. Шағын және орта бизнестен түскен салықтық түсімдер ауданның, ауылдың өркендеуіне жұмсалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жүргізілетін болады. Өйткені кәсіп ашамын деп тиімді жобалардың құжаттарын қолтығына қыстырып жүрген азаматтар жетерлік.
Жоғарыда үй құсы деп қалдық. Еңбек ауылында «ASA DAMU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 43 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде бұл кәсіпорын тәулігіне 140 мың жұмыртқа өндіріп, тасымалдайды.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да мінсіз орындалуда. Соңғы 3-4 жыл аралығында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауылдық округте бірқатар толымды іс атқарылды. Биыл аталмыш бағдарлама аясында 2 млн 962 мың теңгеге Еңбек ауылындағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 20 млн 550 мың теңгеге Жамбыл, Еңбек ауылдарындағы Еспенбетов пен Қонаев көшелері орта жөндеуден өтті.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Тастөбе ауылының 8 көшесіне 58 млн 74 мың теңге бөлінді. «ЖамбылДорМостСтрой-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жұмыстар желтоқсан айында толықтай аяқталмақ.
Жамбыл ауылының тұрғындары көптен күткен білім ордасының құрылыс жұмыстары басталып, ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Жобалық құны 479 млн 432 мың теңгені құрайтын 100 орындық мектептің құрылысы тұрғындардың жіті бақылауында.
Еңбек пен Тастөбе ауылдарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін аталмыш бағдарлама аясында мемлекеттік бюджеттен 277 млн теңге бөлініп, бүгінде ауылішілік көшелерге газ құбырлары тартылды. 2021 жылы табиғи газ ел игілігіне берілетін болады.
Ауылдық округ әкімі аппаратының 2020 жылға жоспарлаған шығыстары 129 млн 756 мың теңге болса, оның бүгінде 40 млн 271 мың теңгесі игерілді.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі де жүйелі жолға қойылған. Осы уақытқа дейін 44 адам ақылы қоғамдық жұмыс орындарына тартылса, 4 жас жастар тәжірибесімен еңбек етуде. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына 2 адам, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 121 азамат жұмысқа тартылды. Ауылда әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек және 4 баладан жоғары отбасына тағайындалған жәрдемақы ай сайын төленуде. Округте 23 «Алтын алқа», 39 «Күміс алқа», 144 көпбалалы ана бар. Оларға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақылармен қатар түрлі көмектер көрсетіліп тұрады. Қазіргі таңда ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек 65 отбасына тағайындалды.
Ал, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында көпбалалы отбасы баспаналы болғалы тұр. Бүгінде тұрғын үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы тұрғызылып, шатырын жабу жұмыстары қарқын алды.
Бірлігі бекем ауылдың берекесі артады. Ауылда атқарылған шаруа аз емес. Қандай жетістікке жетсек те, ол тек тұрғындардың ынтымағы мен бірлігінің арқасында. Алдағы уақытта халық сенімінің үдесінен шығып, округтің гүлденуі үшін еңбек ететін боламыз.