Біртуар Алаш азаматы Міржақып Дулатов: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», – деген екен. Қай кезде болмасын, ұстаздар еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің білімімен бағаланады. Ағымдағы оқу жылында Т.Рысқұлов ауданында 28 орта мектепті барлығы 712 оқушы 11 сыныпты бітіріп шықты. Биылғы жылы аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің арқасында еселеніп «Алтын белгіні» ақтаған 27 түлек болса, 26 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. «Әдепті баланы өсірсең ауылдың абыройы, ақылды бала өсірсең алты Алаштың абыройы» дегендей он бір жыл мектепте үздік оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған мектеп бітіруші түлектер – ауданымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Олардың болашағынан ел-жұрты үлкен үміт күтеді.
Бала тәрбиесін дұрыс жолға бағыттайтын мектеп пен колледж ғана емес, балабақшаның да атқарар рөлі орасан зор. Балаға рухани тәрбие беретін бөбекжайлардың саны 24 болса, оның тоғызы жекеменшік иелігінде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 88,2 пайызды, 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрап отыр. Бөбекжайларда шағын орталықтарда 2637 жас жеткіншек тәрбиеленуде. Сонымен қатар, ауданда 5 қосымша білім беру мекемелері жұмыс істейді. Мұқан Төлебаев атындағы музыка мектебі және Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Ислам Байрамуков атындағы спорт мектептері шәкірттерді халықтық өнер мен бұқаралық спорт түрлеріне баулып келеді. Құландық «жомарт түлектер» өз мектептеріне сый жасады
Облыс әкімінің бастамасымен аймақта жүзеге асырылып жатқан «Жомарт түлек-2021» жобасы аясында құландық түлектер туған мекенге, білім алған алтын ұя мектебіне ыстық ықыластарын танытуда. Атап айтар болсақ, Жаңатұрмыс ауылындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебін бітірген 20 жылдық түлектер мектеп кіре берісіне Led экран орнатып, мектеп алды қоршауларын жасауға көмектесіп, 100 000 теңге көлемінде ІТ Кабинетін безендендірсе, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің түлектері өздері оқыған мектептің қақпасын заманауи құрылғылармен орнатып, әлеуметтік жағдайы төмен 5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетіп, мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Бұдан бөлек, осы жылы түлеп ұшқан түлектер аудан орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебіне «Open space» кабинетін ашып, алтын ұясына сый жасаған. Т.Рысқұлов ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің әр жылдардағы оқу орнын бітірген түлектері, дәлірек айтқанда, 1969-2004 жылдар аралығындағы отызға тарта сынып бітірушілер бастама көтеріп, мешіт жанынан қайырымдылық қорын ашқан.
Материал Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша дайындалды