Ауқымды құрылысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, СИБУР-дың басқарма мүшесі — атқарушы директоры Павел Ляхович және Sinopec компаниясының аға вице-президенті Ван Тао бастады.
Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін және инвестиция көлемі $7 млрд астам құрайтын зауыт құрылысын 2028 жылы аяқтап, өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр. «Силлено» Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ауқымды жобалардың бірі болмақ.
Зауыт негізгі өнеркәсіп салаларында қолданылатын 20-дан астам полиэтилен түрін шығаруға қауқарлы.
Жоба құрылыс кезеңінің өзінде ұлттық экономикаға мультипликативті оң әсер тигізіп, Қазақстанның шикізаттық емес экспортын арттыруға ықпал етеді. «Силлено» өнімдері елдегі полиэтилен импортының 90%-н алмастыра алады, осылайша кәсіпорынның маңызы арта түспек. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тоннаға жетті. Ал сарапшылардың бағалауы бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстандық тұтынушылардың полиэтиленге деген негізгі сұранысын «Силлено» қамтамасыз етуге дайын.
Зауыттың құрылыс кезеңінде шамамен 8000 жұмыс орны, ал өндіріс басталғаннан кейін 800 жұмыс орны ашылады.
Полиэтилен өндірісіне шикізат ретінде этан қолданылады. Ол «Теңізшевройл» компаниясының кен орындарынан алынған газдан ҚМГ жүзеге асыратын Газосепарациялық кешенде өңделеді. Одан әрі этан магистралды құбыр арқылы Силленоға жеткізілетін болады. Құбыр құрылысын ҚМГ жүргізеді.
Болашақ кешен америкалық Lummus компаниясының технологиясымен этилен өндіруге арналған пиролиз қондырғысынан және Chevron Phillips Chemical (АҚШ), Univation Technologies (АҚШ) технологияларының көмегімен этиленді полимерлеу қондырғыларынан, сондай-ақ Axens (Франция) технологиясымен салынатын бутен қондырғысынан тұрады.
Мұнай-газ химиясы саласындағы әлемдік жетекші технологиялық шешімдер жаңа өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның сенімді жұмысына және қоршаған ортаға минималды әсеріне кепіл береді.