Жуалы ауданы әкімдігінің ұйымдастырумен облыстық «Ардагерлер ұйымының» қатысуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Жуалы ауданында, Бауыржан Момышұлы ауылында «Атадан — аманат, ұрпаққа – ұлағат» атты ұлттық дәстүрлер фестивалі өтті.
Мәңгіге мәнін жоймас құндылықтар қорының бірі – табиғаттың ең жүйрігі жылқыға байланысты ата – дәстүрімізді сақтау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара ұлттық дәстүрлі қымыз мерекесіне айналды. Шараның өтуіне мұрындық болған Жуалы ауданының әкімі Көпбосынов Бақтияр Бейсенбайұлы мерекені құттықтау сөзімен ашты. Мереке барысында қымыз баптаушылар мен қымыз құмарлар сайысы, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, жезтаңдай әншілер мен күйшілер өнер көрсетті. Оған қоса қазақ халқының теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу сынды ұлттық ойындар өткізіліп, жастар арасында дәріптелді.
Облыстық ардагерлерінің кеңесінің төрағасы Солтыбаев Еркінбек Бейсенбекұлы:
— «Біздер ардагер ұйымдары осы жұмыстарды үш бағытта жүргізудеміз. Біріншісі-бабалар аманаты, өйткені, халқымыздың бойындағы сан ғасырлар бойы жалғастығын тауып келген тектілік болмыс ең алдымен ата – баба салт дәстүрімен, әдет-ғұрып және рухани құндылықтарының негізінде қалыптасқан. Кез келген халықтың болмысы мен болашағын айқындайтын өзіне тән ұлттық құндылықтары тұтас бір жүйе десек, оған халықтың діні, тілі, мәдениеті, әдебиеті, өнері, жөн-жоралғылары жатады. 2016 жылы Тұрар Рысқұлов ауылында бастау алған бұл шара,2017 жылы тарихи Мерке жерінде өткен, биыл Жуалы жерінде ұйымдастырылып отырған халқымыздың сонау сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен бері келе жатқан салт-дәстүр үрдістердің бірі «қымызмұрындық» қымыз ішу рәсімін бабалар аманатының бір ғана қырын бүгінгі ұрпаққа жеткізді, түсіндіріп, ұғындырудың қам-қарекеті ретінде қарастырған жөн».
Аудандық мәлихат депутаты Бегалиев Керімқұл Мамырұлы:
«Біз салт – дәстүрімізді ұмытпауымыз керек. Кезінде әр отбасында бұл «Қымызмұрындық» беріліп тұрған. Көктем шыққан кезде, биелер құлындаған кезде қымызды өздерінің туған-туыстары мен көрші – қолаңдарын шақырып берген. Бүгінгі іс-шараға әр ауданнан ақсақалдары мен жақсы жайсаңдары қонақ болып келіп отыр. Бұл іс-шараны кішігірім деп айтуға болмайды, бұл облыс көлемінде өтетін іс-шара деп білемін. Бұл «қымызмұрындық» дегеннің өзі халықтың бір-біріне деген ауызбіршілігін, сыйластығын көрсетеді. «Көп түкірсе- көл» деген міне, көптің арқасында осы іс-шара өтіп жатыр.»
Мерекелік іс-шара барысында байқаулар ұйымдастырылып жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Фото автордікі.
Ерсұлтан Нүсіпжанов