Астанада «Бір өлең, бір əуен» əн-жыр кеші өтті
Бүгін Астана қаласындағы «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы Ғашықтар саябағында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай Жамбыл облысы күндері аясында «Бір өлең, бір əуен» əн-жыр кеші өтті.
«Хұснихат» əдебиетті қолдау қоры мен Жамбыл облысы əкімдігінің мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылық орталығы ұйымдастырған əдеби-сазды кеш былтырғы жылдан бері Тараз қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Қазақстандағы жүз жаңа есім» жобасында көрсетілгендей, Жамбыл өңірінің басшысы да елге белгілі талантты жастарды қолдап отырады. Осы ізгі мақсатпен дарынды жас ақындар іріктеліп, олардың өлеңдеріне жазылған əндер Астана төрінде əуеледі. Əдеби-сазды кешті Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, қазақтың дара ақыны Маралтай Райымбекұлы ашып, бас қалаға арнауын оқыды.
Шараға Жамбыл облысы əкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және Мəдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенəлі Бықыбаев, Облыстық халық шығармашылық орталығының басшысы Ғани Садырба арнайы қатысып, ақындар мен əншілердің өнерін астаналықтар мен бірге тамашалады. Концерт барысында жамбылдық Хамит Есаман, Олжас Сəндібек, Жұлдыз Бейсекова, Олжас Отар, Назерке Оңғар, Наурызбек Саршаев, Асхат Абзалбек, Раушан Жөкеева, Самал Тоқпанов, Нұржан Əлішев, Əсел Назаралы сынды қаламгерлер өз туындыларын оқып, белгілі əнші ҚР мəдениет қайраткері Ғани Мəтебаев, Жұлдыз Дүйсенбиева, Бақытқали Қонысбаевпен қатар бірнеше талант иелері əннен шашу шашты. Концерттің қызғана шағында белгілі əнші ҚР мəдениет қайраткері Маралбек Бабақұлов дүйім қазақтың маңдайына біткен ғажап ақын, Тараз топрығаның тарпаң ақыны Серік Томановтың күллі алаш даласына əуелей жеткен «Аузынан айдың түскен қыз əнін орындап, көрермендердің жүрек қылын тербеді. Əдеби-сазды əн кешінің соңғы нүктесін ерекше дауыс иесі, əнші Əсел Уашева, Жанна Асанқұлова, Мейіржан Самылтыров ақын Самат Тоқпановтың сөзіне жазылған əнмен қорытындылады. «Хұснихат» əдебиетті қолдау қорының басшысы, халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты, аталған жобаның авторы Ғалым Қалибекұлы сахна төріне шығып, жыр оқып, Тараз жерінде басталған бұл жоба Тараздықтардың астаналықтарға тартуы екенін атап өтті.
Ертең дəл осы жерде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласындағы Жамбыл облысының мəдениет күндері «Таразым — тарих ақ таңы, Астанам-елдің мақтаны!» атты гала-концертімен өз мəресіне жетпек.
Арайлы Жақсылық