Бүгін Тараз қаласында «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубы мен Қытай елінің «China Dragons» командасының өтетін Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегізінші маусымының соңғы жекпе-жегіне арналған баспасөз конференциясы және салмақ өлшеу рәсімі өтті. Рәсімге Қытай елінің командасының менеджерлері мен спортшылары, «Astana Arlans» клубының жетекшісі, Афина олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бахтияр Артаев, жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков қатысты. Еліміздің атынан аламан додада 52 келі салмақта Сакен Бибосынов, 60 келіде Әлімжан Бескемпір, 69 келіде Асланбек Шымбергенов, 81 келіде Бек Нұрмағамбет, +91 келіде Нұрсұлтан Аманжолов бақ сынайтын болады. Баспасөз конференциясында клуб менеджері Бахтияр Артаев команданың дайындығы жоғары дәрежеде екенін, өз туған жерінде осындай ірі әрі ауқымды спорттық шара болашақ жас спортшылардың ынтасын ашып, отандық спортты дамыту мақсатында арнайы ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Таразға алғаш рет Қытайдан келген команданың менеджері мен бапкері жалпы қазақ боксы әлемде ең теңдессіз екенін айтып, «Astana Arlans» командасының тәжірибесі мол екенін алға тартты. Ертеңгі болатын бәсекеге сақадай сай екендерін де жеткізді.
Сондай-ақ, ертең, яғни 14-сәуір күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде AFC клубының ұйымдастыруымен ММА турнирі өтеді. Кештің бас жекпе-жегі қазақстандық Ермек Тлауов пен украиндық Дмитрий Власовтың арасында болмақ.
Арайлы Жақсылық