Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов қос басшыны елорда әуежайында күтіп алды.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қатынастар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 14,3%-ға артып, $529,4 млн-ды құрады, биылғы қаңтар-маусым айларында $280,6 млн-ға жетті. Үкіметтер мұнай-газ, көлік-логистика, цифрлық коммуникация және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде Каспий теңізінің түбімен оптикалық-талшықты байланыс желісін және терең су электр кабелін тарту жобалары бар.
Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық әлеуетін ашу мақсатында бірлескен тікелей инвестиция қоры құрылды. Анықтама: Аймақтық ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге бағытталған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Соңғы бес жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда көлемі $5,7 млрд-тан $11 млрд-қа дейін өсті. Қазақстанның ОА елдерімен сауда-саттық көлемі өткен жылы 26,8%-ға өсіп, $8 млрд-қа жетті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 26%-дан астам өсті. Осы жылдың 5 айында өзара сауда көлемі $614,3 млн-ды құрады, бұл ретте қазақстандық тауарлар экспорты 6,7%-ға артты. Қазіргі уақытта биылғы сәуір айында екі мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынасты тереңдету және кеңейту туралы шарт ережелерін іске асыру бойынша үкіметтер деңгейінде бірлескен жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастықты арттыру, су-энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету жұмыстары атқарылуда.
Үкіметтің баспасөз қызметі