Жамбыл облысындағы көпбалалы Әбеновтар отбасы Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алады. Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылының тұрғындары аудан әкімдігінің қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өз ауылдастарына асарлатып тұрғын үй салып берді.
Жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнай барып, құттықтады. Ол өңірде жүзеге асып жатқан игі жоба жамбылдықтарды жақсы іске жұмылдыра білгенін тілге тиек етіп, көпбалалы отбасыға бақ-береке, шаттық тіледі.
Алты бөлмелі үй бірнеше айдың ішінде бой көтерген. Сонымен қатар, үйге жиһаз және қажетті жабдықтар жеткізілген. Әбеновтар отбасы бұған дейін туыстарымен бірге ескі үйді паналап келген. Олар талай жылдан бері өз баспаналары болуын армандаған.
— Біз облыс басшылығы тарапынан өңіріміздің игілігі мен гүлденуі үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Осы орайда біз де ауылдастарымыздың атсалысуымен арманымызға қол жеткіздік. Тіпті, өзіміз танымайтын адамдар да көмектесті. Барлығыңызға үлкен рахмет! Бұл Жаңа жыл өмір бойы естімізде қалатын болады, — дейді әжей Қалия Исмаилова
«Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты – ауылдастарының бірлескен күшімен көршілеріне, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға және көп балалы отбасыларға тұрғын үй салып беру. Мұқтаж адамдар жергілікті ақсақалдар кеңесінің мақұлдауымен, тұрғындардың ортақ шешімімен анықталады. Жергілікті атқарушы органдар да игі бастамаға атсалысады.
Жалпы, ағымдағы жылы облыс бойынша асар әдісімен 84 үй салынған десек, осынша отбасы өз ауылдастары мен жергілікті билік органдарының көмегімен баспана бақытына бөленді.
Бірлік пен өзара қайырымдылыққа негізделген ата-бабаларымыздың ізгі дәстүрлері халқымыздың ең жақсы қасиететінің бірі әрі негізі болып қала бермек