Бүгінде Аса – Тараз бағытында қатынайтын көліктерге сұраныс артып отыр. Алайда көлік жүргізушілері осы күндері такси бағасын негізсіз көтеріп жіберген көрінеді. Қарапайым халық тәулігіне 2-3 рет қана жүретін «Газель» көлігінің қызметіне жүгінеді. Бірақ ол да мардымсыз. Себебі халық көп, ал көлікте орын тапшы. Аса – Тараз бағытындағы көліктермен көбіне студенттер қатынайтындықтан бағаның күрт қымбаттауы қолайсыздық тудырып отыр. Бұрындары 90 теңгемен такси қызметін пайдаланып жүрген аудан тұрғындары бүгінде діттеген жеріне жету үшін көлік жүргізушіге 200 теңге төлеуі тиіс. Бұл жағдайдан шығар жол іздеген бұқараның көкейінде такси бағасы тағы да қымбаттап кете ме деген алаң да жоқ емес. Қыстың қытымыр шағында қала мен аудан арасында қатынап жүрудің қиындық туғызуы үлкен мәселеге айналып отыр. Осы орайда, құзырлы мекемелер такси бағасын тұрақтандыруға атсалысар деген ниетпен аудан мен қала арасына қатынауға арнайы қосымша автобустар бөлінсе деген тұрғындар тілегін жеткізгіміз келеді.
Жанерке Есеналы