Партияның «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорынан айырылған, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған «Армандар орындалады» қайырымдылық акциясы өтті.
«Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық және аумақтық филиалдары мамыр айының 25 мен маусым айының 1-не дейін «Нұр Отан – балаларға!» акциясын өткізді. Акция аясында түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды.
Соның бірі партия облыстық филиалының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 1 маусымы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорынан айырылған, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған «Армандар орындалады» қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында ең алдымен партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев мүмкіндігі шектеулі балаларды мерекесімен құттықтау үшін туылғанынан ДЦП-мен ауыратын 13 жасар Мақұлбек Данияр мен 10 жасар Мақұлбек Даянаның армандарын орындады. Балаларға өздері армандаған велосипед пен ойыншықтарын сыйлап, мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаларды мерекелерімен құттықтап, сыйлықтарды тапсырды.
Сонымен қатар, «Үміт» мамандандырылған сәбилер үйіндегі бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, «Тұсаукесер» рәсімі өткізілді. Партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев Жақсыбай Дамир, Аймағамбет Ақбаян есімді бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Тұсауы кесілген балаларға партия облыстық филиалы тарапынан арнайы сыйлықтар тапсырылды. Ал, тұсауы кесілген балалардың екеуі де домбыра таңдап алып, болашақта күйші болатындықтарын көрсетті. Шара бүлдіршіндердің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара соңында кішкентай сәбилердің тілегі жазылған тілек шарын қонақтар мен балалар бірге ұшырып, барлық балаға партия тарапынан түрлі ойыншықтар сыйға тартылды.
Сонымен қатар, Сарымолдаев атындағы балалар үйінде партия облыстық филиалы мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған «Барлық жақсылық балаларға!» акциясын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, балаларды мерекемен құттықтады. Партия атынан Әбдіқадір Айша есімді қызға компьютер сыйға тартылды. Акция аясында жағдайы төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорынан айырылған балалардың 200-ден астам тілегі қабыл алынып, партияның облыстық, қалалық мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері Гүлдара Нұрымова, Нұрлан Ортаев, Мұқаш Ескендіров, Амина Қайназарова және тағы басқалары балаларға ұялы телефон, планшет, спорттық жаттығу құрылғылары, спорттық костьюмдер, самокат, велосипед, ролик және т.б. сыйға тартса, іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері де бағалы сыйлықтарын тапсырды.