Бүгін Жамбыл облысының рухани жүрегі орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде өңірдің Ардагерлер кеңесі мен Әжелер алқасының жүздесуі өтті. Шараға аталған екі ұйымның мүшелері мен имамдар, БАҚ қызметкерлері қатысты.
Қоғамдағы түйіткілдің түйінін тарқату үшін бас болып отырған ақсақалдардар мен ақ жаулықтылар жиыны облыс әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асты. Бас қосуға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев модераторлық етіп, Әжелер алқасының жетекшісі, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл облысы бойынша өкілі Гүлжан Серікқызына алғашқы сөзді ұсынды.
Облыстағы нәзік жандыларға қатысты барлық жұмыста бағдарлаушы болып жүрген бас ұстаз Әжелер алқасы туралы мағұлмат беріп, мақсат-міндеттерін, жұмыс жоспарын баяндады. Сонымен қатар мешіт қызметінің жылдық есебін көрген Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев оң бағасын беріп, әжелердің жұмысымен танысып, ақсақалдар кеңесінің жанынан осындай ұйым құру жайлы ойын жеткізді.
Бас қосуға қатысқан облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ел арасындағы даулы мәселелерді шешу барысында имамдардан қолдау болып жатқанын тілге тиек етті. Бас имам ардагерлерге Құран кітаптарын сыйға тартып, ҚМДБ қабылдаған құжат «Жеті рухани қазық» кітапшасын табыстады.
Жас ұрпақты тәрбиелейміз, дұрыс бағыт-бағдар береміз деп бір мақсатты көздеген мешіт, Ардагерлер кеңесі мен Әжелер алқасы алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға келісіп, мемурандум құруға ниетті.
Көпшілік өз ұсыныстарын ортаға салып, жиын соңында бата берілді. Отырыстан шыққан соң ардагерлер «Асылдін» студиясымен танысып, сұқбат беруге уағдаласты. Сондай-ақ, ақсақалдар дін мамандарымен бірге мешіт ауласына шырша ағаштарын отырғызды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі