Арайлықтарды не толғандырады?
«Арай» иінінің тұрғындары жолымыз жабылып қалды деп наразы.
Қаланың көркіне көрік қосып, бой көтеріп келе жатқан аумақтың бірі осы Арай иіні. Қазіргі таңда онда тұрғын үйлер көптеп салынып, инфрақұрылымы дамып келеді. Тіпті «Арай-2» тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқын алып, өзінше бір аумаққа айналды. Дегенмен, мұнда кезек күттірмейтін мәселе де жоқ емес. Атап айтқанда, аталған аумақтағы Айша бибі көшесіндегі өткелден басталған жол Майлы Қожа көшесіне тіреліп қалған. Себебі ондағы жол бойынан үй салу үшін 2008 жылы жер телімдері беріліп кеткен. Сөйтіп тұрғындар қатынап жүрген жол жабылып қалған. Бүгінде оның салдарын қарапайым жұртшылық сезінуде. Себебі, басты жолға жету үшін кемінде 2 шақырым жерді басып өту керек. Оның үстіне ондағы жолдың жағдайы да мәз емес. Жай күндері азабы біліне қоймайтын шаң жолдың қарлы-жаңбырлы күндері мазасы қашады. Өйткені, лайсаң жолмен жаяу адам түгіл автокөліктің жүріп-тұруы бас ауыртар мәселеге айналады. Бұл өз алдына бір мәселе. Дейтұрғанмен, ондағы жұртшылық кезінде Бәйдібек аталған көшенің үстіне үй салынып кеткеніне наразы. Осы мәселені айтып, талай есікті қағып, табан тоздырғанымен еш қайран болмаған. Қазіргі таңда жол бойына 7 бірдей үйдің іргетасы қаланып, оның екеуі бітіп қойған. Аумақтың жоспарында ол жерде үй мүлде қарастырылмаған. Аталған мәселені алға тартқан арайлықтар көше бойына жиналып, наразылықтарын білдірді. Олардың базынасына шаһар басшысының орынбасары Мақсат Ахаев, қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбеков құлақ асты. Қала атқамінерлеріне жұртшылық мәселелерін жеткізіп, автокөлік жүретіндей жол салып беруді талап етті. Олардың айтуларынша, бас ауырып, балтыры сыздаған уақытта жедел жәрдемнің мұнда келуінің өзі мұң екен. Оның үстіне ондағы көшелерге атауда берілмеген. Сондай-ақ балаларының мектепке баруы да айтарлықтай мәселе. Ал кей ата-аналар балаларын балабақшаға алып бару үшін таңғы 6:00-ден бастап жолға шығатындықтарын айтады.
– 2009 жылы алқаптан жер телімін алып, үй салдық. Қаз қатар көшелер де бой көтерді. Дегенмен кейін келе көшеміздің бойынан үй соғылып, жолсыз қалдық. Амалсыздан тиіп тұрған дүкеннің өзіне 2 шақырым жүріп барамыз. Оның үстіне балаларымызға обал. Жай күндері шаң, жаңбыр, қар ерігенде лай кешіп барады. Біздің талап ететініміз жоспарда көрсетілгендей нақты көшенің болуы, – дейді тұрғын Фатима Ахметова. Расында, ондағы тұрғындар Айша бибі көшесіне шығу үшін Дүйсен Баянбаев, Атабаев және Шота Рудасельский көшелерін басып өтуі қажет. Сондай-ақ ондағы 10 көшенің 4-не жарық жүйелері тартылмаған. Тұрғындардың өздері салып алған бағаналардағы электр сымдары да тым төмен орналасқан. Оның үстіне онда электр стансасын салу үшін арнайы жер де қарастырылмаған екен.
Тұрғындардың сөзіне құлақ асқан Мақсат Ахаев көше бойына салынып кеткен үйлердің заңсыз салынғаны анықталса, бұзатындықтарын жеткізді. Ал егер заңды болса қала әкімінің қаулысы негізінде аумақ жоспарына өзгеріс енгізу арқылы сол маңнан жол қарастырып беретіндіктерін баса айтты. Жалпы ол жер телімдері 2008-2009 жылдары қала әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімінің егжей-тегжейлі жоспары негізінде және тұжырымдасы бойынша жер комиссиясының отырысында қаралып, сөйтіп заңдастырылған екен. Сондай-ақ жер телімдері иелерінің әрқайсысында мемлекеттік акт бар көрінеді. Сол арқылы қала әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімінен үй салу үшін рұқсат алған. 2009 жылдан бастап ол жерде көше болмаған. Яғни, жер телімдері негізінде таратылып берілген. Бір айта кететіні, үйлер заңды болып табылған жағдайда сәулет және құрылыс бөлімі онда зерделеу жұмыстарын жүргізіп, көше айрықтарын салу жөніндегі ережеге сәйкес, тұрғындар үшін жағдай жасап бермек.
Шынболат Сейдуалиев