9 қаңтарға қараған түні Пришахтинская көшесіндегі тұрғын үйде өрт шыққан. Көміртегі тотығынан улану және күйік салдарынан екі бала қаза тапқан. Олар 2 және 4 жаста болған.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, 7 және 9 жастағы екі бала өртенген үйден өз бетінше шығып үлгерген.
«Жеке тұрғын үйдің бір бөлігінде шатыр, төбе және үйдегі заттар өртенген. Құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылы туған екі бала өздігінен шығып үлгерген, алдын ала мәлімет бойынша олар көміртегі тотығынан улану диагнозымен балалар ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнына дереу келген өртсөндірушілер 1964 жылы туған әйелді құтқарды. Ол улану, күйік диагноздарымен Мақажанов атындағы клиникаға жатқызылды. Сондай-ақ құтқарушылар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесін тапты», — деді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі өкілі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өрттің жалпы ауданы 50 шаршы метр болған. ТЖМ күштерімен өрт толығымен ауыздықталды.
«Өрттің алдын ала себебі — электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды және сараптама тағайындалды», — деді ведомство өкілі.
Жітіқарадағы оқиға
2024 жылы 11 қазанда Қостанай облысында осындай өрт шығып, бір үйдің бес баласы мерт болғаны хабарланды. Артынша жағдайды Бас прокурор бақылауына алды.
Кейінірек балалардың анасы қонаққа кеткені, әкесі түрмеде екені белгілі болды.