Бұл атаулы күн – қоғамда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктері басқа жандармен тең екенін тағы бір мәрте еске салатын маңызды дата. Сондай-ақ бұл күн олардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметке бейімделуін қамтамасыз ету және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау қажеттігін айқындайды.
Осыған орай, «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету бағытында ауқымды іс-шара өткізді. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Асар» оңалту орталығының мәжіліс залында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, бұл жиынға түрлі сала өкілдері мен жауапты тұлғалар қатысты.
Аталған басқосуға партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, тиісті басқармалар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды. Бұл кездесудің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын саралау, оларды алаңдатқан мәселелерді талқылау және нақты шешу жолдарын қарастыру болды.
Өз сөзінде филиал төрағасы Дауыл Бейсенқұлов «AMANAT» партиясының әлеуметтік бағыттағы жұмысында мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі әрдайым алдыңғы қатарда тұратынын атап өтті. Ол партияның бұл саладағы қызметі «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру, инфрақұрылымды бейімдеу және оларды қоғам өміріне толық қанды қатыстыру сынды бірнеше маңызды бағытты қамтиды.
Жиын барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері мен күнделікті өмірде кездесетін қиындықтары егжей-тегжейлі талқыланды. Атап айтқанда, І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ипотека арқылы баспана алуына мүмкіндік жасау, қоғамдық көлік аялдамаларын олардың жүріп-тұруына ыңғайлы етіп бейімдеу сынды нақты ұсыныстар көтерілді.
Дегенмен, қазіргі таңда қала ішінде қоғамдық көліктер ішінара бейімделгенімен, өкінішке қарай, бірде-бір аялдама мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайластырылмаған. Сонымен қатар, жүргізушілер де бұл азаматтарға көмек көрсетуге дайын емес. Мұндай кемшіліктер олардың күнделікті қатынасын қиындатады.
Бұған қоса, Тараз қаласындағы темір жол вокзалында да мүгедек арбасын пайдаланатын жандар үшін вагонға көтерілуге қолайлы жағдай жасалмаған. Арнайы пандустар мен көтергіштер жоқ, тіпті олардың қажеттіліктеріне арналған жеке бөлмелер де қарастырылмаған. Бұл – еліміздегі әлеуметтік инклюзия деңгейінің әлі де толық қамтамасыз етілмегенінің көрінісі.
Көзі көрмейтін азаматтардың қауіпсіздігі үшін облыс орталығындағы бағдаршамдар мен аялдамаларға дыбыстық хабарлама жүйесін орнату мәселесі де жиын барысында кеңінен сөз болды. Бұл – олардың қозғалыс еркіндігін арттырып, қоғамдық кеңістікте сенімді жүруіне мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау нысандарында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы техникалық жабдықтардың жетіспеушілігі де үлкен проблема ретінде көтерілді. Қолайсыз жағдайлар оларға сапалы ем алу мүмкіндігін шектеп отыр. Емханалар мен ауруханаларда арнайы бейімделген кабинеттер, көтергіш құрылғылар, пандустар мен ыңғайлы бағыттау белгілері жеткілікті деңгейде емес.
Осы және өзге де көтерілген мәселелер бойынша «AMANAT» партиясы алдағы уақытта құзырлы мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жолдайтын болады. Партия өкілдері әрбір көтерілген мәселенің орындалу барысын өз бақылауында ұстап, жүйелі шешім қабылдануына ықпал етпек. Бұл бастама – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың толыққанды өмір сүруіне жасалған тағы бір нақты қадам.