Қала күніне мерекесіне орай ерлік мемориалды кешенінің аумағында бірнеше ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Соның бірі — тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіш. «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» деп аталатын ескеркіштің ашылуына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты. Ескерткіш лентасын қазақтың нар тұлғасы Ораз Жандосовтың қызы Раиса Жандосова мен тыл ардагері Пансатбек Райымбеков қиды. Пансатбек қажы жұртшылықты қала күнімен құттықтап, ізгі ниетін бата арқылы жеткізді.
Қала күнін тойлау аясында Ерлік мемориалды кешенінің аумағында Чернобыль атом электр станциясындағы апатты залалсыздандыруға қатысушыларға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Өңір басшысы арнайы қатысқан шарада ескеткіш лентасын Қазақстан Республикасы Чернобль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестірушісі Бақытжан Әшірбаев пен облыстық Чернобль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин кесті. Ашылу рәсімінің соңында ардагерлер мен қала тұрғындары ескерткішке гүл қойып естелік суретке түсті.
Ерлік мемориалды кешенінің аумағында ашылған «Бейбітшілік» алаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған өңірдің зиялы қауым өкілдері, аудан басшылары, белгілі тұлғалар мен қоғамдық бірлестік өкілдері ағаш отырғызды.
Сонымен қатар, Ерлік мемориалды кешенінің аумағында ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жерлесіміз қатысқан. Ал 71 жас жауынгер әскери қақтығыс кезінде қаза тапты. Майдан даласында ерлік көрсеткен батырларымыздың рухына тағзым ретінде бой көтерген ескерткіштің лентасын Ауған соғысының ардагері, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек қиды.
— Ауған соғысындағы ерліктер бүгінгі ұрпаққа айтылып келеді, айтыла береді де. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қасқайып тұрған еңселі бейнесінің жанында ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің қойылғаны құптарлық іс. Осы ретте облыс әкімі Асқар Исабекұлына осы игі істі өз қолына алғаны үшін алғыс айтамын, — деді генерал Бақытжан Ертаев.
Тараздықтар көптен күткен «Үшбұлақ» жағалауындағы демалыс аумағы пайдалануға берілді. Қала күніне үлкен сый болған демалыс орнындағы су айдынына 5 дана аққу, 4 дана үйрек, ақ амур мен карп сияқты 3000-ға жуық балық жіберілген. Жобаның сметалық құны 449 миллион теңгені құрайды. Жағалауда каналға шығатын 3 дана пирс, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар орнатылған. Жоба барысында 6.5 гектар жер абаттандырылып, 10 мың тонна қоқыс шығарылды.
TURANINFO.KZ