Айыппұл – заңда белгіленген ретте және тәртіпте бір қағидаларды бұзушы тұлғаларға қолданылатын ақшалай айып салу, материалдық ықпал ету шарасы. Әдетте айыппұл ақшалай түрде мемлекет пайдасына алынады.
Қылмыстық құқықта – жазалаудың негізгі немесе қосымша шарасы ретінде қолданылады; Азаматтық құқықта – өнімдер мен тауарлар жеткізу жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерді орындамағандығы үшін, жеке мүліктік емес құқыларға нұқсан келтірілген кезде қолданылады; Тұрақсыздық айыбының бір түр; Әкімшілік құқықта – әкімшілік құқықтың бұзылуына кінәлі тұлғаларға судьялар, уәкілетті органдар (ішкі істер бөлімі, өрттен қорғау, санитарлық, мал дәрігерлік қадағалау, және т.б.), лауазымды адамдар айыппұл тартқызады; Іс жүргізушілік құқықта – заңда көзделген (мысалы, сот мәжілісінің тәртібін бұзған реттерде және мөлшерде сот айыппұл сала алады.)
Айыппұл әлемнің көп елдерінің қылмыстық заңдарында кеңінен қолданылады: бұл Англия, Франция мен АҚШ-та қолдану жиілігі бойынша ең таралған жазалау шарасы болса, Германия айыппұлды маңыздылығы жөнінен екінші орынға қояды; айыппұл Ресей Федерациясы мен Қазақстан да қолданылады. Қазақстан да айыппұлды қолданудың ауқымы жылдан-жылға артып бара жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін айыппұл түріндегі жаза қолдану көзделген.
Айыппұл көлемін анықтаған кезде, әрбір нақты жағдайда оның мөлшері сотталушы жасаған қылмыстың ауырлығына байланысты саралануы қажет. Егер сотталушы сот тағайындаған айыппұлды төлеуден әдейі жалтарса, онда жаза түрі бас бостандығынан айыру секілді анағұрлым ауыр жаза түріне өзгертіледі.
Автор: Тараз қаласы №2 сотның бас маман сот мәжілісінің хатшысы М.Қасынбеков