Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды.
ТЖМ мәліметіне сәйкес, орман шаруашылығының үш қызметкері қаза тапты, тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр.
Еске салсақ, бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі Төтенше жағдайлар министрі Ахуалдық орталығының базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді.
Отырыс барысында оқиға орнынан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр генерал-майор Марат Күлдіковтің баяндамалары тыңдалды.
9 маусымда сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамның 662 адамы және 177 техникасы, 6 тікұшағы жұмылдырылған.
Авиациялық техникамен 192 тонна көлемінде 80 рет су шашылды. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 11 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Астана қаласы және Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 133 адам және 48 техника, сондай-ақ, 4 тікұшақ мөлшерінде күштер мен құралдар топтамасын қосымша жіберу туралы шешім қабылданды.