Ақорда Президенттің алғашқы ант беру рәсімінен сурет пен видео жариялады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақорданың Twitter желісіндегі ресми парақшасында жария болған тарихи суретте Нұрсұлтан Назарбаевтың ант беру сәті түсірілген.
Президенттің баспасөз қызметі Facebook желісінде жариялаған видеоның сипаттамасында «Қазақстан Республикасы Президентінің салтанатты ант беру рәсімі (Алма-Ата қаласы, 1991 жылдың 10 желтоқсаны)» делінген.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы ант беру рәсімі 1991 жылы 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өтті. Елбасы алғашқы сайлауда сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын. Екінші ант беру рәсімі Астанадағы Конгресс-Холлда 1999 жылы 21 қаңтарда өтті. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 80 пайызға жуық дауысын жинады. Үшінші ант беру рәсімі Ақордада 2006 жылы 11 қаңтарда өтті. 2005 жылы 4 желтоқсандағы Президенттік сайлау қорытындысы бойынша Елбасы 91,15 пайыз дауыс жинады. Ал, төртінші ант беру рәсімі 2011 жылы 8 сәуірде Тәуелсіздік сарайында болды. 2011 жылдың 3 сәуіріндегі сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын иемденген болатын.