8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай өңірде «Ел аналары» акциясы өтіп, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы облыстағы 100-ден асқан апаларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Осы шара аясында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев ақпан айында ғана 100 жасты еңсеріп, қос ғасырдың куәсі болған Мәрзия Ибрагимованы құттықтап барды. Ғасыр жасаған әже «Социалистік Еңбек Ері», Жамбыл облысының құрметті азаматы. Құттықтап келген партия басшысын Мәрзия әженің өзі жайдары жарқын жүзімен қарсы алып, ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде партия төрағасының орынбасары Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, бір шаңырақтың ғана емес бір аймақтың анасы болып отырғандығын айтты. Сондай-ақ оған ақ жаулық жауып, сый-сияпат жасады.
– Біз сізді мерейлі жасыңызбен құттықтаймыз. Ең бастысы, денсаулығыңыз мықты болсын. Сізге өмірдегі бар жақсылықты тілеймін. Бүгінде бір отбасының емес тұтас облысқа ортақ анасыз. Сізден алатынымыз өте көп, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Партия басшылығының елеп, ескеріп келіп жатқандығына алғысын жаудырған Мәрзия әже ұзақ жасауының құпиясымен де бөлісті. Ол қарапайым ғана нәрсе екен. Кез келген еңбектен еш ерінбей, біреуді ғайбаттамау және әрдайым көңілді жүру. Осындай қасиеттерді ұстанған әже бүгінде әлі де тың, айтары көп. Сондай-ақ әже құттықтап келушілерге ақ батасын беріп, өзінің жасына жетуін тіледі. Жалпы Мәрзия Ибрагимова бүгінде балаларымен, немере-шөберелерімен Қызыл Жұлдыз ауылында тұрып жатыр.
Негізінен әжейдің өткен өмірі өнегеге толы, ерлерге бергісіз еңбек жолы бар. Атап айтқанда, 1938 жылы қазіргі Байзақ ауданы маңында қызылша өсіру жұмыстарына белсене қатысып, кейіннен майдан үшін маңдай терін төкті. Мәрзия апа 1947 жылы қызылшаның әр гектарынан 220 центнер орнына 822 центнерден өнім алған. Бұл жетістігі талайды таңдандырған тарихи оқиға болған. Сол жылы Мәрзия апамызға осы рекордтық еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліпті. Бүгінде 7 құрсақ көтеріп, 20 немере, 25 шөбере сүйіп отыр.