Қоғам және мемлекет қайраткері Айдос Сарым: «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында қолға алынып жатқаны белгілі. Дегенмен, біз алдымен, жаңғыру дегеніміз не? Осыған жауап беруіміз қажет. Жаңғыруды адам ешқашан жақсылықтан жасамайды. Бәріміз көріп отырғандай соңғы 5-10 жылдың ішінде әртүрлі тәсілдермен, түрлі жолдармен дамуға тырыстық. Бірақ экономикалық өсу аса жақсы деңгейде емес. Шынын айту керек, біздің осы уақытқа дейінгі дамуымыз мұнай мен шикізаттың арқасында болып отыр. Әлемде «АПЭК» деген мұнайды экспорттайтын ұйым бар. Осы ұйымның басшысы болған шейхтің «Тас дәуірі тас біткендіктен аяқталған жоқ, мұнай дәуірі де мұнай біткен соң аяқталмайды» деген сөзі бар. Егер осы сөзді негізге алатын болсақ, Қазақстандағы мұнай дәуірі аяқталды. Тіпті оның нақты күнін де айта аламын. Ол 2017 жылдың 10-қыркүйегі. Яғни «ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталғаннан бастап еліміздегі мұнай дәуірі тәмәм болды. Ендігіде шын дамығымыз келсе, жақсы дамығымыз келсе экономиканың да өсімі биіктесін десек, бір ғана энергияның көзі бар. Ол – азаматтардың бойындағы «мынау менің елім, мынау менің жерім» дейтін энергия. Осы энергия арқылы біздің елдің халқы кәсіпкерлікпен де, басқа істермен де айналыса алады.
Жалпы адам баласы өмірге келгендегі ең қиын дүние – таңдау жасау. Адам өзіне жеңіл болғанын қаласа өмірде ешқашан таңдау жасамай өтіп кетер еді. «Қандай көлік мінем, не киім кием?» деген майда-шүйде таңдаулармен қатар үлкен терең ойлауды қажет ететін таңдаулар жасауға тура келеді. Менің түсінігімде біздің қоғам осы нәрсені әлі түсініп болмаған сияқты. Біздер соңғы уақытта түрлі аймақтарға, облыстарға, аудандарға көптеп шығып жүрміз. Түрлі жиындарда адамдардың бет-жүзіне қарасаң ешқандай талпыныс байқамайсың. Ал шын мәнінде рухани жаңғыру, жаңа модернизация дегеніміз – өлім мен өмір арасындағы таңдау. Не ел боламыз, қоғам құрамыз, оның руханияты, мемлекетке, азаматтарға үлкен тіреу болатын дәрежеге жеткіземіз, не қалай болса солай өмір сүреміз. Бірақ ол өмір емес. Осы себепті де модернизация деген ұғымды осы тұрғыдан түйсінгеніміз дұрыс сияқты. Советтік және постсоветтік ден ұғымдар артта қалды. Біз жаңа заманның адамымыз. Біз адамның жаңа болмысын айқындайтын жаңа тұлғаны, жаңа қоғамды қалыптастыруымыз қажет. Негізгі үрдіс осы жолмен жүру керек.
TURANINFO.KZ