Жамбыл облысының прокуроры Ернат Мұхаметқалиұлы Сыбанқұловпен «Жасөспірімдердің қылмысын алдын алу туралы» эксклюзивті сұхбатын ұсынамыз.
-Жыл басынан бері балалар арасында қанша қылмыстық іс орын алды?
-Өкінішке орай, облысымызда 2017 жылдың 4 айында жасөспірімдермен 52 қылмыстық іс жасалды. Бірақ бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға төмен.
-Олардың басым бөлігі қандай іс?
Негізінде жасөспірімдер арасында орта дәрежедегі кылмыстар жасалынады. Оның басым бөлігі, яғни 67 пайызы ұрлыққа қатысты. Ал ұрлықтың көпшілігі ұялы телефондарды қолды қылумен байланысты.
Осы бағытта жұмыс жасап жатқан мобильдік топтардың жұмыс нәтижесі қандай?
Қазіргі таңда, облысымызда прокуратура органдарымен 93 мобильдік топ құрылған. Оның 28-і Тараз қаласында жұмыс жасауда. Олардың құрамында прокуратура қызметкерлерінен өзге жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері де бар.
Аталған топтармен 7 мыңнан астам профилактикалық жұмыстар атқарылды, 800 мыңнан астам, яғни 234 отбасы арасында заң түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ балалардың мектептен үйіне баратын жолдары тексеріліп, кауіпті жерлер анықталып, тиісті кауіп туралы ақпарат тақталары ілінді.
Сіздің бала кезінізбен қазіргі балалардың айырмашылығы неде?
Әрине, бірінші айырмашылық біздің бала кезіміз ауылда өтті. Ол кезде біз атқа мініп, таза ауада әр-түрлі белсенді ойындар ойнадық. Қазіргі кезде жасөспірімдер көбінесе бос уақытын интернет желісінде өткізуді қалайды. Бір шетінен бұл енді заман талабы, бірақ сонда да таза ауада кітап оқығанға не жетсін?! Немесе спортпен айналысып, табиғатта серуендегенге ешнәрсе жетпейді.
Бала сөзін үш сөзбен айтып беріңізші. Ата-ана — бала — мектеп «байланысы» неліктен жоғалды?
Меніңше, ең бастапқысы үйдегі тәрбиеден басталады. Біздің бала кезімізде мұғалімге деген сый құрмет ерекше деңгейде болатын. Мұғалімге оқушы түгілі оның ата-анасы сөз қайтармайтын. Осы тұрғыда Жапон елінің мұғалімге көзқарасын білдіретін «Үш қадам артқа шегін. Бірақ мұғаліміңнің көлеңкесін баспа» деген сөзі еске түседі. Сондықтан үйімізде баламызды мұғалімге деген сыйды үйрете білу керек, сонда бала жақсы тәрбие алады деп есептеймін.
Қатардағы прокурордан генерал шеніне дейін көтерілдіңіз. Өзіңізден қандай өзгерісті байқайсыз?
Әрине, осы салаға жұмысқа кірген соң генерал болуды армандадық. Бұл жолдың әр сатысын өткен сайын, ең бастапқы сабақ болғаны ол — жауапкершілік. Өйткені, халыққа адал жұмыс атқарсаң ғана нәтиже болатыны анық. Сондықтан қай шенде болсам да менің еліме әділетті қызмет ету сезімім өзгермейді.
Ернат Мұхаметқалиұлы 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені құтты болсын.
-Рахмет, бірге жұмыс жасайтын боламыз.
Сұхбатыңызға рахмет