Forinsurer басылымының 1974-2024 жылдардағы әлемдегі ең ірі ұшақ апаттарының статистикасы бойынша, әуе трагедияларының негізгі себебі — адам факторы (экипаждың немесе диспетчердің қателігі).
Ең қорқынышты ұшақ апаты 1977 жылы екі авиалайнердің қатысуымен Канар аралдарында болды: голландиялық KLM Tenerife Boeing-747 әуежайдан ұшуға тырысқанда тұманда PanAm Boeing-747-ге соқты. Соқтығысу нәтижесінде 578 адам қаза тапты. Әуе лайнерлерінің қақтығысы тілдік кедергінің салдарынан болды: голландиялық ұшқыштар испан акцентімен ағылшын тілінде сөйлейтін диспетчердің командаларын дұрыс түсінбеген.
1985 жылы соңғы 40 жыл ішінде бір ұшақ құлаған кезде ең көп жолаушы қаза тапқан ұшақ апаты болды. Жапондық Boeing-747 бортында 524 адам болды, олардың төртеуі ғана құтқарылды. Бұл апаттың себебі — сапасыз жөндеу.
1974-2024 жылдардағы әлемдегі ең ірі ұшақ апаттарының тізімінде Қазақстан да бар. Бір байқағанымыз, Қазақстанда адам көп қаза тапқан әуе апаттары желтоқсан-қаңтар айында болған.
Қазақстанда болған ірі ұшақ апаттары
Ми-8 ұшағының апаты
2009 жылы 8 қыркүйекте Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының «Арлан» барлау-іздеу тобының Ми-8 ұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңындағы Өгем шатқалында апатқа ұшыраған.
Тікұшақта экипажды қоса есептегенде 13 адам болған. Ми-8 тікұшағының апатынан 10 адам қаза болды, қалған үшеуі ауыр жараланған.
АН-72 ұшағының апаты
2012 жылы 25 желтоқсан күні Астанадан Шымкентке ұшқан АН-72 ұшағы Шымкент әуежайына 20 километр қалғанда апатқа ұшыраған. Ұшақ радардан жергілікті уақыт бойынша сағат 18:55-те жоғалып кеткен. Борттағы барлық 27 адам (7 экипаж мүшесі, 20 жолаушы) қаза болды. Жолаушылардың ішінде ҚР Кеден қызметінің полковник Тұрғанбек Стамбеков, оның орталық аппараттағы офицерлері және «Оңтүстік» кеден қызметінің әскерилері болған.
CRJ-200 ұшағының апаты
2013 жылы 29 қаңтарда SCAT компаниясына тиесілі Bombardier CRJ-200 ұшағы Көкшетау-Алматы авиарейсінде Алматы облысындағы Қызылту елді мекеніне құлады. Борттағы 21 адамның (5 экипаж мүшесі, 16 жолаушы) барлығы қаза болды. Апатқа ауа-райы мен экипаждың қателігі себеп болған. Экипаж көру мүмкіндігінің нашар жағдайында ұшу биіктігін негізсіз төмендеткен. Экипаждың негізсіз шешімі жер бетімен соқтығысуға алып келді.
Ан-2 ұшағының апаты
2015 жылы 20 қаңтарда Ан-2 ұшағы сағат 15.40 шамасында «Шатыркөл» кен орны ауданында апатқа ұшыраған еді. «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі ұшақ Балқаштан кен орнына ұшып шыққан. Ұшақтың апатқа ұшырауына тұман себеп болуы мүмкін деген жорамал айтылды. Ұшақтың бортында жеті адам болды, оның үшеуі — экипаж мүшесі.
Ми-2 тікұшағының апаты
2016 жылы 23 қаңтарда Жамбыл облысында апатқа ұшыраған Ми-2 полицияның тікұшағы болып шықты. Апатқа ұшыраған тікұшақтың пилоты қайтыс болды. Ол ауруханада күйік шалғандардың бөлімінде қайтыс болды.
600-N азаматтық тікұшағының апаты
2016 жылы 27 қаңтарда астана уақыты бойынша 17.47-де Алматы облыстық ТЖД-ның Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне 15.45-те Алакөл ауданындағы Үшарал қаласынан Талдықорғанға қарай ауруханаға «Аспан» акционерлік қоғамының меншігіндегі UP-MD 600-N азаматтық тікұшағының науқас баланы алып шыққаны туралы хабарлама келіп түскенін айтқан болатын. Тікұшақ бортында болған бес адам қаза тапқан.
Ми-8 тікұшағының апаты
2019 жылы 27 наурызда Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырады. Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының маңында Ми-8 тікұшағы апаты салдарынан 13 әскери қаза тапқан. Төрт тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке қарай бағыт алған еді. Ұшу түнгі уақытта метеорологиялық қиын жағдайда кешенді тексеріс және «Алтын жебе» арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында іске асырылған.
Fokker 100 ұшағының апаты
2019 жылы 27 желтоқсан күні таңертең Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы әуелі радардан жоғалып кетті. Кейін 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі мінген ұшақтың Алматы маңында апатқа ұшырағаны белгілі болды. Әуелі 15 адам қаза тапқаны хабарланды, кейін Ішкі істер министрлігі мен Алматы әкімінің баспасөз қызметі құрбандар саны 12 екенін және 68 адам жарақат алғанын нақтылады. 2019 жылдың 28 желтоқсаны жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Төтенше жағдайлар департаменті Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтан 25 адам аман қалғаны мәлімдеді.
«Зардап шеккендер бойынша ақпарат нақтыланыпа жатыр. Алдын ала аман қалған 25 адам бар, оның ішінде 22 адам ауруханаға жеткізілді», — делінген хабарламада.