Оның айтуынша, биыл елдің басым бөлігінде шомылу маусымы 1 маусым күні басталған. Ал, шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде 42 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылған. Сондай-ақ, шомылуға тыйым салынған 4598 орын анықталып, онда 5894 ескерту және тыйым салу белгілері қойылған.
— Судағы қауіпсіздік қағидатын сақтамау тәртібі бойынща 39853 рейд пен патруль жүргізілді. Анықталған заң бұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 364 (ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін), 412 (су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамағаны үшін) және 440-ші (алкогольді ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін) әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бастап 9 мыңға жуық хаттама толтырылды. Есепті кезеңде патрульдеу өткізу барысында 131 адам құтқарылса, оның ішінде, 35 бала бар. Өкініштісі, биылғы шомылу маусымы басталғалы 64 адам суға батып кетті. Олардың арасында 28 бала бар. Осы жылы адам өлімі 26, бала өлімі 33 пайызға өсіп отыр, — деді Ақылбек Ахметжанов.
Өңірде суға батып кетудің 4 дерегі тіркелді
Биыл облыс аумағында шомылуға арналған 13 орын белгіленгенін еске саламыз. Олар: Тараз қаласында, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Сарысу, Талас және Шу аудандарындағы демалыс аймақтары мен коммуналдық жағажайлар. Өкініштісі, жыл басынан бері облыс аумағындағы шомылу айдындарында 4 адам суға батып кеткен. Статистикаға сүйенсек, судағы оқыс оқиғалар көп жағдайда адамның кінәсінен, өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін аса бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан орын алуда.
— Шомылу маусымы басталғаннан бері жүргізілген рейдтердің нәтижесінде демалу орындарында 1030 бұзушылық анықталды. Оның ішінде, ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін бойынша 480 адам жауапкершілікке тартылса, 500 азаматтың қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны анықталды. Ал, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін бас-аяғы 50 адам жазаланды. Осы ретте өңірлік төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарынан демалыс кезінде өте мұқият болуды әрі судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды, — делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Инфекция жұқтыру қаупі жоғары
Терапевт Марина Наженованың айтуынша, халық көп жиналатын жағажайлар мен өзен-көлдерде инфекция жұқтырудың қаупі жоғары. Сондықтан ел азаматтарының шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспегені абзал.
— Лас жағажайларда ішек инфекцияларын, тері ауруларын қоздыратын инфекциялардың жұқтырып алуыңыз мүмкін. Олар: лямблиоз, криптоспоридиоз, ротавуристар, дизентерия, холера, сальмонеллез, лептоспироз және гепатит А вирустары. Сонымен қатар, ферма, зауыт, саябақ маңайларында иттер көп серуендейтінін байқаған боларсыз. Олар да суды ластауы мүмкін. Сондай-ақ, суда жүзетін құстардан паразит, микробтар тарайды. Жағымсыз иіс шығатын су қоймаларына мүлде жақындамаған абзал, — дейді маман.