Александр Лукашенко Беларусьтегі тактикалық ядролық қаруды «жедел тексеруге» бұйрық берді. Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі тактикалық ядролық қарумен оқу-жаттығулар өтетінін жариялаған.
Жеңіс күніне орай өткен салтанатты жиында Беларусь басшысы тактикалық ядролық қару – тежеу және қорғаныс қаруы, сондықтан онымен ешкім шабуылға шықпайтынын айтты. Тексеру аясында «алғаш рет стратегиялық емес ядролық қаруды қолдану мәселелерін пысықтау жоспарлануда».
«Тексеру тек қорғаныс сипатында», — деді Лукашенко.
Жоспарға сәйкес «Искандер» жедел-тактикалық зымыран кешенінің дивизиясы мен Су-25 ұшақтарының эскадрильясы дабылға қойылады. «Тактикалық ядролық қарумен соққыларды жоспарлау, дайындау және қолданудан бастап барлық іс-шаралар кешені» тексерілетін болады.