Нұржігітовтің жұмысы туралы министрлік өкілі, баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева өзінің жеке парақшасында жазба қалдырды.
Қазір министрліктің негізгі күші өзендердің ағынын реттеу және тасқын суын өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Ресей аумағында Тобыл және Жайық өзендері бойынша су тасқыны ағынының қалыптасуына байланысты Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов Росгидрометпен сағат сайын гидрологиялық дерек алмасады.
Хатшы жазбасында
Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толы, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасына 99% су жиналды. Бұл нысандар да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр, су ағынының төмендеуі байқалады. Су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды.
Шығыс Қазақстан облысында бес ірі су қоймасы орта есеппен 62%-ға толды, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Осы аптада су тасқынының белсенді кезеңі басталады деп күтілуде. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 65%-ға толды, олар да штаттық кесте бойынша жұмыс істейді. Өңірде Шаған өзенінің деңгейі әлі де артып келеді, бүгінде Шаған су қоймасына ағын секундына 690 текше метр. Жайық өзені бойынша су тасқынының екінші толқыны күтілуде.
Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% су жинады, мұнда да су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 96% су жинады, мұнда судың арнасынан көтерілуі байқалады. Өңірде Қаратомар су қоймасы бойынша жағдай күрделі. Мұнда секундына 2425 текше метр су келіп, секундына 2640 текше метр су жіберілуде. Бүгінгі күнге сағат сайын су ағынының азаюы байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% толды, мұнда да судың арнасынан асып кетуі байқалады.
Сондай-ақ, министрлік Ұлттық гидрогеологиялық қызметті құруға бастамашы болғанын да айта кетейін. Осының нәтижесінде жерасты суларын тиімді пайдалану мәселесі назарға алынады. Атап айтқанда, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін жерасты суларын пайдалану жоспарланып отыр. Сондай-ақ су қорын іздеу-барлау мен мемлекеттік мониторинг жүзеге асырылады.