Қазақ тілі — халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», деген. Тіл байлығы — әр ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Сондықтан мемлекетіміздің мемлекеттік тілге қатысты алға қойып отырған тапсырмаларын біздер, мемлекеттік қызметкерлер үлгі болып іске асыруға тиіспіз, ол біздің парызымыз деп атап айта аламын. Мемлекеттік тілді білмейтін бірде бір азамат болмау керек, өйткені мемлекеттік тілді білу Қазақстанның әр азаматының парызы екендігі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында белгіленген. Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін көптеген іс-шаралар атқарылып, түрлі бағдарламалар қабылдануда. Осыған байланысты барлық мемлекеттік атқарушы органдар осы мәселе бойынша қажетті іс-шаралар атқару қажет. Дегенмен мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Бұл маңызды мәселе біздің Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында да жүйелі жүзеге асырылып келеді. Оны мемлекеттік тілде қаралған істер туралы деректерден көруге болады. Мысалы 2022 жылы жалпы 4332 іс қаралса, оның ішінде 3041 іс, яғни 70,2 пайызы мемлекеттік тілде қаралған. Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің басты белгісі мемлекеттік тіліміз — қазақ тілінің өркендеуі мен қолданылу аясын кеңейтіп, мәртебесін арттыру біздің қолымызда.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әкімшісінің басшысы Б.Джунусов