Сыртқы тәртіпсіздік — бұл қоғамда қалыптасып кеткен жүріс-тұрыс ережесіне қайшы келетін, адам мінез-құлқының қоғамда қалыптасқан құқық, мораль нормаларына немесе әлдебір мекеменің жарғылық талаптарына сәйкес келмеуі болып табылады. Адам қоғамда немесе қандай да бір ұйымда қалыптасқан тәртіпке бағынбайтын болса күндердің күнінде ол өзіне зиян келтірмей қоймайды. Оған арнайы түрде бірнеше мысалдар келтіруге болады. Атап өтсек, мысалға Сіз қандай бір мекемеге жұмысқа тұрдыңыз, сол мекемеде ішкі еңбек қатынастарын реттейтін жарғымен бекітілген арнайы бір тәртіп болады, оның ішінде, белгіленген жұмыс уақыты, қызметкердің киіну стилі осы секілді т.б., ол тәртіпке бағынбау Сізді жұмыстан шығарып, Сізбен еңбек шартын бұзып жұмыстан шығаруға алып келуі мүмкін. Сол секілді заңнамамен бекітілген қоғамдық жерлерде жүріп-тұру тәртібі болады. Сіз сол қоғамдық жерлерде қоқыс тастау, түкіру, шылым шегу арқылы заңнамамен бекітілген тәртіпке бағынбайтын болсаңыз ол Сізді Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Тәртіпсіздік негізінде бұл адамның ішкі кемшілігі болып табылады. Адамның тәртіпсіз болуына адамға жастайынан тәрбиенің дұрыс берілмеуі себеп. Адамды тәртіпке ең бірінші отбасында ата-анасы жастайынан үйретіп, тәрбиелеу қажет. Мемлекетте өз тарапынан тәртіпке бағынатын азаматтарды тәрбиелеу мақсатында балабақша, мектептерде арнайы сын, тәрбие сағаттарын өткізіп отырады.
Еліміздің қай салаларын алсаңызда мейлі ол медицина, әскери, құқық қорғау органдары болсын тәртіпті қажет етеді. Адамның тәртібі дұрыс болса ол өз тарапынан мемлекеттің дамуы үшін үлкен үлес қосқан болып есептеледі. Олай деуіміздің себебі, адам тәртіп сақтап, заңға бағынатын болса, біз заң үстемдігін құрып, дамыған өркениетті елдер қатарының алды боларымыз хақ.
Осы ретте даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген тамаша сөзі осы айтылғандарға дәлел болып табылады.
Автор: Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының сот приставы Абылай Еламан