Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаның мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру ғана емес, билік органдарының әлеуметтік қажеттіліктерді дер кезінде қанағаттандыру мүмкіндігі. Бүгінгі таңда аталған реформаның жүзеге асырылып жатқанына бір жыл болды.
2021 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін Жамбыл облысының соттарына 1033 әкімшілік талап арыз түсті, оның 883-і немесе 85 пайызы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына, 150-і немесе 15 пайызы аудандық соттарға өткен.
Сотқа түсетін істердің негізгі санаттары: жер дауы – 268 (26 пайыз); сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдар – 249 (24); мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар – 97 (тоғыз); салықтық даулар – 59 (алты); тұрғын үй дауы – 59 (бес); мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы даулар – 47 (бес пайыз).
2021 жылдың алты айында қаулымен 130 әкімшілік іс қаралып, оның 82-сі (63 пайызы) талап қоюшылар – азаматтар мен шаруашылық субъектілерінің пайдасына, 48-і (37 пайызы) қанағаттандырудан бас тартылды.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында талап арыздарды қанағаттандыру пайызы 66-ға дейін өскен. Мәселен, нақты қаралған 136 әкімшілік істің 91-і арыз берушілердің пайдасына, 45-і әкімшілік органның пайдасына шығарылған (33,1 пайыз).
Азаматтар бұрын сирек жеңетін жер дауы, денсаулық сақтау саласындағы даулар сияқты істердің санаттары бойынша талаптарды қанағаттандыру пайызы айтарлықтай өсті. Жер даулары бойынша талап арыздардың 76 пайызы, денсаулық сақтау саласындағы даулар бойынша – 83 қанағаттандырылған.
Бұл сандар әкімшілік сот төрелігінің мемлекеттік органдармен және лауазымды тұлғалармен, даулар бойынша азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын іс жүзінде қорғайтынын көрсетеді. Егер бұрын азаматтар мемлекеттік органмен арадағы дауда 15 пайыз ғана істерді жеңіп келсе, бүгінде бұл жағдай азаматтар мен бизнестің бағытына қарай мән бере бастаған.
Уағдаласу рәсімдері
Сот өзіне жүктелген міндеттердің арқасында азамат пен билік құрылымдары арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешуге ықпал етеді.
Әкімшілік іс жүргізуде бітімгершілікке келу барлық жағдайда мүмкін бола бермейді, өйткені әкімшілік орган тек заңмен берілген өкілеттік шегінде әрекет ете алады. Татуласу, егер әкімшілік органның дискрециялық құқығы болса, яғни өз өкілеттігі шегінде мүмкін болатын шешімдердің бірін қабылдаған жағдайда мүмкін болады.
Әрбір іс бойынша сот дауды бейбіт жолмен шешудің артықшылықтарын түсіндіреді, мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның өз қалауы бойынша мұндай рәсімді қолдану мүмкіндігін белгілейді. Осылар болған және процеске қатысушылардың келісімі болған жағдайда татуластыру рәсімі жүргізіледі.
Әкімшілік әділет органдары жұмыс істеген жылы 109 іс бойынша татуластыру рәсімдері сәтті аяқталды (2021 жылы – 44, 2022 жылы – 65). Соттың белсенді рөлімен талап арызды кері қайтарып алуға байланысты 296 талап арыз қайтарылған: 2021 жылы – 134, 2022 жылы – 162.
Мәселен, 2022 жылдың қаңтарынан бастап бір азаматқа зейнетақы төлемдері тоқтатылған. Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген кезде азаматтың жалған мәлімет беруіне байланысты зейнетақы төлеу тоқтатылғаны хабарланған. Халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі жоғары тұрған әкімшілік орган зейнетақы төлемдерін ұзарту үшін ешқандай негіз көрмей, осыған байланысты азамат сотқа талап арызбен жүгінген.
Сот әкімшілік органның қарауын тексеріп, тараптардың келісімімен татуластыру рәсімін жүргізіп, нәтижесінде тараптар арасында медиациялық келісім жасалды. Келісімшартқа сәйкес, әкімшілік органның өзі азаматқа зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы бұйрықтардың күшін жойып 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерін қайта есептеп, қалпына келтірген.
Осылайша, бірінші сатыдағы сотта татуласу нәтижесінде азаматтың бұзылған зейнетақы алу құқығы ұзақ сот марафонынсыз қалпына келтіріліп отыр.
Жеке анықтамалар және ақшалай айыппұлдар
Әкімшілік істерді қарау кезінде судьялар әкімшілік органдардың, лауазымды тұлғалардың жүйелік мәселелерін анықтайды. Бұл мәселелер азаматтардың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің сотқа жүгінуіне негіз болып отыр. Шенеуніктің немесе мемлекеттік органның қателіктерін сот түзетсе, онда мұндай шенеуніктің өз лауазымына лайық емес екені айдан анық. Лауазымды тұлғалардың қателіктері туралы мәліметтер олардың басшысына немесе жоғары тұрған органға бағыну тәртібімен хабарланады.
Соттардың істерді қарау нәтижелері бойынша әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғаларға қатысты 56 жеке ұйғарым шығарылған: 2021 жылы – 29, 2022 жылы – 27.
Әкімшілік іс жүргізу кодексінде ескерту және сот отырысы залынан шығару сияқты процессуалдық мәжбүрлеу шараларымен қатар ақшалай айыппұл да қарастырылған. Іс қаралып жатқан процесте судья өз бетінше ақшалай жаза тағайындайды.
Мұндай шара сот талаптарын орындамағанда немесе уақтылы орындамағаны үшін тағайындалады. Мысалы сотқа дәлелді себептерсіз келмеу, тараптардың процесті кейінге қалдыру әрекеттері, іс жүргізу құқықтарын теріс пайдалану немесе іс жүргізу міндеттерін орындамау, сот шешімін немесе татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымды орындамау.
Ақшалай өндіріп алу мөлшері 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін. Ақшалай өсімпұл талап немесе сот шешімі орындалғанға дейін қайталап салынуы мүмкін.Мемлекеттік және әкімшілік органдарға әкімшілік істерді қараудың сот тәжірибесі туралы жүйелі түрде ақпарат беріліп отырады
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке сот орындаушысының жауапкеріне (бір іс), аудан әкімдерінің жауапкерлеріне (екеуі), мемлекеттік органдар (алты), процеске басқа қатысушылар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері (екеу) сотталушыларға қатысты 11 іс бойынша жалпы сомасы 824 090 теңгеге ақшалай өсімпұлды қолданған. Барлық ақшалай талаптар орындалған.
Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл
Өткен жылы Жамбыл облыстық сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы және Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен мемлекеттік және әкімшілік органдар арасында Әкімшілік іс жүргізу кодексінің нормаларын түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. 2021 жылдың қазан айында судьялар облыс орталықтарында жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен татуластыру рәсімдерін түсіндіру бойынша көшпелі кездесулер өткізді. Ағымдағы жылы бұл жұмыс жалғасуда. Мемлекеттік және әкімшілік органдарға әкімшілік істерді қараудың сот тәжірибесі туралы жүйелі түрде ақпарат беріліп отырады.
Ішкі мемлекеттік аудит органдарының өкілдерімен, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылармен және тапсырыс берушілермен мемлекеттік сатып алу саласындағы құқық қолданудың проблемалық мәселелері бойынша 10 дөңгелек үстел өткізілді. Атқарушылық іс жүргізудегі түйткілді мәселелер бойынша облыстың прокуратура, әділет, сот орындаушыларымен онлайн және офлайн режимде бірқатар кездесулер өткен.