Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы № 500 Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар Жамбыл облысында да құрылды. Өткен жылдың 1 шілдесінен шағымдарды қарай бастаған соттардың жұмыс нәтижесінде мұндай соттарды құру реформасы дер кезінде жасалғаны анықталды.
Өткен жылдың алты айында Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (Әкімшілік сотына) 479 талап арыз түскен. Шешімдердің қабылдануымен 117 әкімшілік іс қаралып, оның 71-інде (65 пайызы) талап арызды қанағаттандыру туралы қаулылар шығарылды, жария-құқықтық даулар бойынша азаматтардың құқықтары мен мүдделері қорғалды. 46 іс бойынша талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулылар шығарылды, мемлекеттік және әкімшілік органдардың әрекеттері мен шешімдері заңды деп танылды.
Облыстың МАӘС судьялары әкімшілік сот төрелігінің міндеттерін орындай отырып, тараптарға дауларды шешуде белсенді түрде көмек көрсетеді. 2021 жылы соттың белсенді рөлінің арқасында бітімгершілікпен 40 іс немесе шешім шығарылған істердің 25,5 пайызы соңына дейін жеткізілген.
Соттың талабын орындамағаны үшін жеке сот орындаушысы мен мемлекеттік органның лауазымды тұлғасына 10 АЕК мөлшерінде екі рет ақшалай айыппұл салынды. Сот ұйғарымдары толық көлемде орындалды және тараптармен дауланбады. Істерді қарау кезінде судьялар мемлекеттік және әкімшілік органдар тарапынан заң бұзушылықтарды анықтады. ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 270-бабына сәйкес 28 арнайы ұйғарым шығарылды.
Бірінші талап арыз, бірінші шешім, дауласушы тараптардың алғашқы татуласуы, соттың заңды талаптарын орындамаған адамдарға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары, сот, процеске қатысушылардың заңды бұзу фактілері бойынша соттың әрекет ету шаралары сынды мамандандырылған сот жұмысының алғашқы күндерін еске түсірудің өзі қызық.
Осылайша, 2021 жылдың 2 шілдесінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа бір компания жеке сот орындаушысына қарсы шағым түсірген. Онда мүлікті бағалау туралы есеп дау тудырған. Нәтижесінде үстінен іс қозғалған тұлға көрсетілген талапты мойындамағандықтан, кейіннен бұл талап сотпен кері қайтарылды.
Облыстық МАӘС-тің 2021 жылғы 5 тамыздағы шешімімен азаматтың жеке сот орындаушысына оның әрекетін заңсыз деп тану және мүлікті аукционға қою туралы шешімнің күшін жою туралы арызы бойынша әкімшілік іс бойынша соттың белсенді қатысуымен жүргізілген медиация туралы келісім бекітілді. Тараптар бұл дауды екі жаққа да тиімді шарт бойынша шешіп, осыған байланысты талап арыз сотпен қайтарылды.
Ал өткен жылдың 13 тамызында МАӘС азаматтың жеке сот орындаушысының атқарушылық іс қозғау туралы қаулысын жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап арызын толық қанағаттандырды.
Сот 2016 жылғы 23 мамырдағы сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы қаулы Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу туралы» және «сот орындаушыларының мәртебесі» туралы Заңында көзделген үш жыл мерзім өткеннен кейін орындауға ұсынылғанын анықтады. (бұдан әрі – заң). Заңның 38-бабының 1-тармағының 3 тармақшасында атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулыны шығару үшін негіздердің бірі соттың атқарушылық құжатты орындауға ұсыну мерзімінің өтуі және жаңартпауы деп көрсетілген.
Істі қарау барысында жауапкер сотқа өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы ақпарат бермеген, сондықтан сот талапкердің осы бөлігіндегі талаптарын негізді және қанағаттандыруға жатады деп таныды. Сот сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығару жөніндегі әрекетін заңсыз деп танып, оның қызметі үшін төлем мөлшерін бекіту туралы қаулысының күшін жойды.
Кезекті әкімшілік іс те өз кезегінде бірінші рет қаралған іс болатын. 2021 жылдың 30 шілдесінде тұрғын-үй коммуналды – шаруашылық уәкілетті органға кезекке тұруды қалпына келтіру туралы талап арызы бойынша ұйғарым шығарды. Оған сәйкес, іс бойынша жауап мерзімін кешіктіргені үшін жауапкерге 10 АЕК көлемінде, яғни 29 170 теңге көлемінде ақшалай айыппұл салынды. Бұған дейін 2021 жылғы 21 шілдедегі ұйғарыммен сот жауапкерді 2021 жылдың 29 шілдесіне дейін жазбаша жауап пен осы жауаптың дәлелдерін растайтын дәлелдемелерді ұсынуға міндеттеді. Алайда сотталушы сот шешімін орындамады.
Ақшалай жаза тағайындау туралы мәселені шешу кезінде сот жоғарыда аталған сот актісін орындамау себептерінің негізділігі туралы дәлелдемелердің жоқтығын ескерді. Осыған байланысты сот процессуалдық мәжбүрлеу шарасын қолданып, ақшалай жаза тағайындау қажет деген қорытындыға келді. Азаматтың жеке сот орындаушысына алимент өндіру бойынша берешекті анықтау туралы қаулыны заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша сотталушының заңды бұзу фактісін анықтауға байланысты МАӘС 2021 жылғы 24 тамызда ұйғарым шығарды.
Заңның 8-бабына сәйкес, атқарушылық іс жүргізудің және оны жүргізуге байланысты іс жүргізудің тілі сот шешімінің немесе орындалуға жататын өзге де құжаттың тілі ескеріле отырып белгіленеді. Істі қарау және атқарушылық іс жүргізу материалдарын зерделеу кезінде сот сот бұйрығы мемлекеттік (қазақ) тілде шығарылғанына қарамастан, сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу тілін белгілемегендіктен іс жүргізу бойынша құжаттар мен қабылданған шешімдер орыс тілінде баяндалған.
Айта кетерлігі, жоғарыда аталған барлық сот актілеріне ешкім қайта шағымданбаған, заңды күшіне енген және толық көлемде орындалған.
Қорытындылай келе 2022 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызметтік нәтиже бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа 404 талап арыз түскен. 105 әкімшілік іс қаралып, оның 64-іне (61 пайызы) талап арыздарды қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. 41 іс қанағаттандырудан бас тартылды.
Соттың белсенді рөлінің арқасында 54 іс немесе аяқталған істердің 34 пайызы бітімгершілікпен аяқталды. Сот жеке сот орындаушыларға, мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғаларға тоғыз ақшалай жаза тағайындады. Мемлекеттік және әкімшілік органдар тарапынан заң бұзушылықтар анықталып 26 жеке ұйғарым шығарылған.