Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте-деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Тіл ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Әр халықтың ана тілі-оның жаны. Ұлттық болмыс бітімнің бейнесі, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзі, ішкі жан дүниесінің өзіне ғана тән құпиясы.
Тіл саясаттың жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа мүмкіндіктерді айқындау-жауапты мәселе. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту де зор мақсат. Бұған еліміздің тиісті сала басшылары, тілші-ғалымдар мен тіл жанашырлары әрдайым назар аударып, ортақ мәселелерге байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп отыруы келелі іс. Әлбетте, мемлекеттік тілдің жағдайы әрбір жанашыр азаматты толғандырары сөзсіз. Баршамыз осы іске бір кісідей атсалысып, үлесімізді қосатын болсақ, қазақ тілінің тұғырын биіктете түсеріміз анық. Елбасымыз «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деп айтып өткен болатын. Сондықтан да мемлекеттік тілді өз мәртебесіне сай қоғам өмірінің барлық салаларына енгізу, қолданыс аясын кеңейту — бүгінгі күннің өзекті де келелі мәселелерінің бірі болып отыр. Егеменді еліміздің тұғыры қашан да тіліменен биік. Бұл сіздердің басқа тілді меңгерулеріңізге ешқандай бөгет болмайды, қайта адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер-сол ана тілің. Ана тілінің бүге-шүгесіне, терең иірімдеріне бойлай білу-саналы азамат болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол-туған жерді, отанды, атамекенді сүйе білу деген сөз.
Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең сұлу, ең көркем, мәнді де мағыналы тіл-қазақ тілі екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда,біздің көкейімізге ең алдымен Елбасымыздың: «Біз тегіміздің-Түркі, дініміздің-Ислам, тіліміздің-қазақ тілі екенін ешқашанда ұмытпауымыз керек.!» деп ұрпаққа салмақты ұран тастаған өсиет сөзі оралады. Тіл-асыл қазына, рухани мұра. Халық үшін тілден асқан байлық бар деудің өзі астамшылық болса керек. Олай болса, ана тіліміздің өркендеп өсуіне, еркін қанат жаюына үлес қосу кез-келген қазақ азаматының міндеті. Мемлекеттік тілге деген қажеттілік тәуелсіздігімізден бастау алып, заман талабына сай күннен күнге артып келеді. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативті құқықтық кесімдер мен бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, еліміздің 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясынан бастап 1997 жылғы 11 шілдедегі «Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының қолданысқа енуін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, өрісін кеңейту үшін жасалған қадамдар деп қабылдаған жөн. Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауаттылығы мен сапасын қамтамасыз етудегі алғышарттар туралы және іс қағаздарына мемлекеттік тілде сауатты жүргізетін кадр дайындау мәселесі жөнінде сөз қозғаған кезде Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тіліндей қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет»-деген сөздері еске түседі. Қазір ар мен намыстың, күмән мен үміттің болашаққа деген сенімнің айрықша баламасына айналған тіл тағдырына алаңдаушылық аса маңызды қоғамдық және саяси мәселе болып отыр. Ол елдің елдігіне, мемлекеттің мемлекеттігіне сын болатын, ұрпақ келешегі мен халық болашағының кепілі болатын аса киелі шаруа. Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол заң іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез-келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез-келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Тілге деген құрмет-халыққа деген құрмет.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында қазіргі таңда елімізде тіл саясаты жоспарлы жүргізіліп, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының орындалуы мен сақталуы қатаң бақылауға алынып келеді.
Барлық салада мемлекеттік тілдің үлесін арттыру – бүгінгі басты міндет.
Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы бұлжымас талап.
«Бүгінде қазақ тілі Қазақстан халқын бір мақсатқа топтастыратын, ұлттық жаңғыруымызға серпіліс туғызатын айырықша күшке ие болды» – деп Елбасымыз айтқандай, қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарының бағдаршамына айналған десек қателеспейміз. Яғни, сот саласындағы кіріс құжаттарының 73,51 пайызы, шығыс құжаттарының 87,90 пайызы қазақ тілінде дайындалады. Мемлекеттік тілдің дамуына, қолданысқа толығымен енуіне бір кісідей атсалысайық.
Райхан Ратова, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің бас маманы