Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы мектептердің бірінде тарих пәнінен сабақ беретін Артем Райзих тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. Ол Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылындағы көпұлтты отбасында дүниеге келген. Бүгінде қазақ қызымен отау құрып, екі бала тәрбиелеп отырған Артем қазақ тілі мен тарихына деген құрметі жоғары екенін айтты.
«1991 жылдың 25 желтоқсанында өмірге келдім. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланған соң, санаулы күндерден кейін дүние есігін ашыппын. Анамның ұлты — татар, әкем неміс ұлтынан. Біз таза қазақ ауылында тұрғандықтан, қазақшаны үйрену маған қиын болған жоқ. Иә, аралас мектепте оқыдым. Бірақ бұл менің қазақ тілін жетік білуіме кедергі келтірген емес. Өйткені, ортамның бәрі қазақтар еді. Қазақша тез сөйлеп кетуіме тілдік орта тікелей әсер етті. Уақыт өте келе ЖОО-ға түсіп, өз қалауым бойынша тарих пәнін таңдадым. Қазіргі таңда тарихтан сабақ беріп жүргеніме сегіз жыл толды. Орыс сыныптарында «Қазақстан тарихы» пәнін жүргіземін. Мамандығым да, таңдауым да өзімен ұнайды», — дейді Артем.
Артем Райзих болашақ жарын да мұғалімдік қызметте жүріп кездестірген. Бүгінде олар екі қыз баланы бірге тәрбиелеуде. «Қазақ қызына үйлендім. Екеуміз де мұғалімбіз, пәндік олимпиада кезінде таныстық. Мен тарихтан сабақ берсем, ол ағылшын тілін үйретеді. Екі қыз өсіріп отырмыз. Біз тұратын Мәртөк ауданы негізі орысшалау аймақ саналады. Бірақ қазақ тілінің қолданыс аясы мұнда да кеңейіп келе жатқанын байқап жүрмін. Көшеде, қызмет орындарында қазақша сөйлейтіндер көбейіп келеді. Бұл қуантады. Негізі, шын ниеттенген адамға қазақша үйрену еш қиын емес.
Бастысы – талпыныс болу керек. Содан соң, қазақша білемін деп ешқашан кеуде соғып, мақтанған емеспін. Өйткені, Қазақстанда тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуі тиіс. Бұл – міндет. Қазақ тілінде сөйлеу мен үшін артықшылық, артық қасиет емес. Кәдімгі қалыпты жағдай. Көпшілігі туған тілін білмегендіктен, басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлесе, бәрінің елең ете қалатыны сондықтан. Бірақ, қайталап айтамын, мен үшін бұл қалыпты нәрсе. Елімнің азаматы болған соң, оның тілінде сөйлеуге міндеттімін», — дейді Артем.
Артем Райзих отбасымен: Жеке мұрағат Қазіргі таңда Артем бесінші сынып оқушыларына «Қазақстан тарихы» пәнінен сабақ береді. «Орыс сыныптарына сабақ беремін. Бесінші сыныпта ежелгі Қазақстан тарихынан бастаймыз сабақты. Өзіме ұнайды. Қазақтың тарихын, салт-дәстүрін қазіргі ұрпақ, болашақ ұрпақ ұмытпаса, бар білгенімді таныстырсам деген тілек-ниетім бар. Алда ағылшын тілін үйренуді де жоспарлап жүрмін», — дейді ол.
«Артем өте ізденімпаз мұғалім. Қазақ тілін көптеген адамнан жақсы біледі. Қазақтың тарихын да жақсы біледі. Біз одан тамаша ұстаз шығатынына еш күмән келтірмейміз», — дейді Артемнің әріптестері.
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Жетістіктің тарихы » жобасы аясында әзірленді.