Жамбыл ауданынан облыстық көпбейінді ауруханасына ауыр халде түскен қария жан сақтау бөлімінде бірнеше күндер бойы оттегімен жасанды желдету аппаратының көмегімен дем алып, дәрігерлердің қатаң бақылауында болды. Қосалқы ауруларымен қатар өкпесі бұзылған оның жағдайы алғашында өте қиын еді. Дегенмен, дәл қойылған талдау-сараптау қорытындыларына сай тиісті нәтиже берген емнің арқасында жеті күннен соң, жан сақтау бөілімінен арнайы палатаға ауыстырылып, өздігенен дем ала бастаған ол: «Үйден еш жаққа шықпай отырғаныммен, балам мен немерелерім сыртқа барып, келіп жүр. Олардың қайда барып жүргенін қайдан білейін? Кешке тынбай кетіп жатады. Түннің бір уағында келгендерін біліп отырамын. Тамақты бір дастарханда ішеміз. Солар әкелмесе ауруды?»,- деп ағынан жарылып, қанша жасқа келсе де сынын жоғалтпағанын, аса тың, сергек қалпын сақтағандығын, үнемі тыныс жаттығуларын жасап, салауатты өмір салтынан қол үзбей келе жатқандығын айтты.
Бүгінде ауруынан айығып, үйіне шығарылған қария өзін ауыр дерттің тырнағынан аман алып қалған дәрігерлерге алғысын айтуда.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі