Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары 2,9 триллион теңгеге 107 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев хабарлады.
Ағымдағы жылы 421 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бес айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына 98,2 миллиард теңге тартылып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,1 пайызға өсіп отыр.
А.Сейсебаевтың айтуынша, инвесторларды ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жаңартылған энергия көздері, туризм, балық шаруашылығы салалары қызықтыруда. Биыл бұл салалар бойынша 40 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде тоғыз жоба 2021-2025 жылдарға арналған индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылмақ.
— Сонымен қатар, картаға жалпы құны 41 миллиард теңгені құрайтын қосымша 10 инвестициялық жобаны енгізу жоспарлануда десек, ол бойынша 1138 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Темір-бетон бұйымдары зауыты, сүт фермалары, құс фабрикасы, дайын қаптама шығаратын зауыт және басқа да кәсіпорындар өз жұмысын бастамақ, — деді А.Сейсебаев.
Ол жергілікті тауар өндірушілердің каталогы шығарылғанын хабарлады. Онда инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары жан-жақты сипатталған.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тиісті тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
— Бұл каталогты қоғамдық орындарда тарату қажет, бірінші кезекте әуежай мен теміржол вокзалын қамту маңызды. Мен Қазақстанның басқа елдердегі елшіліктерімен тығыз байланыс орнату керектігі туралы үнемі айтып келемін. Егер олар бізге қолдау көрсетсе, біз өз жобаларымызды ұсынып, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар ете аламыз. Жауапты тұлғалар елшілік өкілдерімен тұрақты байланыста болуы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ компаниясының өңірлік директоры Арнольд Геринг қазіргі уақытта Қазақстанның Франция мен Түркиядағы елшіліктерімен бірлескен жұмыстар қолға алынғанын жеткізді. Сонымен қатар, бірнеше елде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның шетелдік өкілдері бар екенін тілге тиек етті.
— Салалық ведомство, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «ӘКК-Тараз» ҰК» АҚ, өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мүмкіндігі мол десек, ол толық пайдаланылмауда. «Тараз» ӘКК басшылығы жақсы ұсыныстар мен идеяларды ұсынып отыруы керек. Бұл өңірлік кәсіпкерлер палатасына да қатысты. Сіздердің қызметкерлеріңіз күн сайын кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеп, олардың ұсыныстарына құлақ асып, бизнес-жобаларын толық сүйемелдеуді қамтамасыз етуі тиіс. Айталық, жақын арада Тараз-Алматы рейсінің ашылуы жоспарлануда. Бәлкім, кәсіпкерлер қонақүй, қоғамдық тамақтану нысандарын ашқысы келетін шығар. Осының бәрін қадағалап отыру керек, — деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі әлі күнге халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестік қарым-қатынас жолға қойылмағанын баса айтты.
Бердібек Сапарбаев аграрлық секторға инвестиция тартуға қатысты ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдерінен жауаптар алды.
— Неліктен сүт, ет, көкөністер мен жемістерді өңдейтін кәсіпорындар салынбайды? Жарты жылдың қорытындысы бойынша талдау жүргізіп, қандай аудандарда осындай кәсіпорындар ашылғанын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша қаражат қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын анықтаңыздар, — деп тапсырды облыс әкімі.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы техникасын шығару мәселесі де өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті.
— Неге біз өзімізді қарапайым тырма және соқамен қамтамасыз ете алмаймыз? Ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген жобалар нәтижелі түрде аяғына дейін жеткізілмейді. Оларға мысал ретінде су үнемдеу технологияларын енгізу, ескі тракторларды жаңасына ауыстыру бойынша жобаларды айтсақ болады, — деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы бұл жобалар бойынша жұмысты қайта жандандыруды тапсырды.
Сөз соңында Бердібек Сапарбаев облысымызда инвестициялық форум өткізуді ұсынды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі